«Батыста Парижді көру таңсық, Шығыста Алтын ордадағы Сарайшықты көру таңсық» - ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон

Сарайшық (Сарай-Жүк) қаласын пайда болуын тарихшы ғалымдар 13 ғ., Шыңғыс хан мен Бату ханның шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер 14 ғ. алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.
Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылды: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пиала) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларының бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді.
Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық (Сарайжук,Сарайчук) шаһарының іргесі Алтын Орда тұсында, нақтырақ айтсақ, 13 ғасырда қаланды дейді ғалымдар. Қаланы Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан (Билік құрған уақыты 1221-1256 ж.ж.) салдырғаны туралы Әбілғазы хан шежіресінде де (ХVІІғ.) мол дерек келтіріледі. Көптеген көпестер мен саяхатшылардың осынау жолдардың бағыт бағдарлары туралы, тауарлардың сипаты мен бағасы және қатынас тәсілі туралы жазбалары мен хикаялары бізге дейін жетіп жатыр. Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез өсті.
Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы - Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы қалаға келіп, шаһарды аралап, өзінің «Өмірлік саяхат» аталатын кітабына мынандай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дүниежүзінің бәрін араладым. Сол аралаған жерлерімнің ішінде Сарайшық қаласы Бағдаттан кейінгі дүниежүзіндегі ірі қалалардың бірі екен. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім, қалада ханның салтанатты сарайы, төрт мешіт бар. Қонақ үйлердің есебіне сан жетпейді екен. Бірақ, мен оларды көріп таңғалған жоқпын. Менің таңғалғаным - жер шарын шарлап жүргенімде, көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деп тебірене суреттейді. Бұдан сонау ХIV ғасырдың өзінде-ақ Сарайшықта өркениеттің жоғары деңгейде өркендеп тұрғанын көруге болады.
Бұдан кейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған орыс патшасы Иван Грозныймен дос болған ағылшын көпесі - Антоний Дженкинсон. Ол 1558-59 жж. Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасауы кезінде Сарайшық қаласына соғып былай жазған: «Батыста Парижді көру таңсық, Шығыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, көлігімнің болмай қалуына байланысты жарты айдай тоқтап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына 700-ге дейін керуен келеді екен.», - деп тамсана жазады.
Ел ішінде Әз Жәнібек хан салдырған Сарайшық қаласының іргесіндегі әйгілі «Секер көлі» туралы деректі әңгіме көп. Секер көлдің орны қазіргі Сарайшық ауылының орнында қалып қойған. Көлге аққулар үнемі қонып жүрсін деп Жәнібек хан арнайы секер төктіріп қояды екен. Бұл көл "Жәнібек ханның аққу көлі", "Сарайшықтың аққу көлі» аталыпты. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге Әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен (мұражайда сақталған суреті бар) құстарға жем беріп, кісіден үрікпеуге үйретеді. Құс атаулы жаз бойы Секер көлде еркін жүзіп жүреді екен.
Жошы ұлысы тұсында Алтын Орданың 16 шаћарында ақша соғатын сарайлар болған деседі. Оның үш түрі, атап айтқанда, жоғарыда табылған ақшалардың біразы Сарайшық қаласының өзінде соғылған. 1909 жылы жергілікті балықшылардың ауына керамикалық ірі құмыра ілініп шыққан. Сол уақыттарда құмыраның иіні мен бүйіріндегі жазуларды Ресей археологиялық қоғамның Шығыс бөлімінің мамандары оқыған. Онда құмырада көне қыпшақ тілінде 32 сөз өрнектелген. Ол сөз Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанындағы:
Адам көркі - жүз,
бұл жүз көркі - көз,
Ауыз көркі - тіл,
бұл тіл көркі - сөз.
Тағы көрік кісіге -
білім мен өнер,
Жанын құрбан етер білім үшін ер,
- деген шумақ шыққан. Ал бүйіріндегі "Бұл күбіге көз жасын құяр болар" деп жазылған. Құмыра ХІІІ ғасырда күйдіріліп, дайындалған көрінеді.
Өкіншке орай, осы бір сән-салтанаты жарасқан әсем қала 1580 жылы Дон, Еділ казактарының шапқыншылығынан біржолата қирап, күлге айналды. Кейін Ресей патшалығы отаршылдық бекініс салды. Ол Қазан төңкерісіне дейін сақталып келді. Сарайшық қаласы Жайық өзенінің ең бір шұрайлы тұсында әрі әжептәуір биіктеу жерде орналасқан. Бірақ соңғы жүзжылдықта Жайық ежелгі арнасын өзгертіп, Сарайшық орнын қақ тіліп өтуі - көне шаћар жұртының көп бөлігінің су астында қалуына әкеліп соқты.
1999 жылы қала орнына ескерткіш-пантеон, мешіт, мұражай кіретін Сарайшық мұражай-қорығы бой көтерді. Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мраморға жазылған хандардың аттары мен хандық құрған жылдары жазылған. Бұл хандар: Мөңке темір (1266-1282ж.ж), Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312ж.ж.), Жәнібек (1343-1353 ж.ж.), Әмір Оқас (14 -1447ж.ж), Қасым Хан (1511-1518 ж.ж), Ших Мамай (1549-1554 ж.ж), Жүсіп Хан ( 1549-1554 ж.ж).
Ал, Сарайшықты нақты ғылыми тұрғыда жүйелі түрде алғаш рет 1937 жылы Н.Арзютов деген орыс ғалымы зерттеген. Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан өзінің 1950 ж. жүргізген қазба жұмыстары нәтижиесінде «қала 12 ғ. салынған» деп кесіп айтады. Бұл пікірді, соңғы жылдары қала орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген Республикалық археология институтының ғалымдары да дәлелдеп отыр. Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда кезінде қалада үлкен қыш күйдіру, темір қорыту цехтары мен ұстахана, ақша жасау шеберханалары болған. 1968 ж. бері мұнда Әлкей Марғұлан атындағы Батыс Қазақстан экспедициясы тұрақты қазба жұмыстарын жүргізуде. Тарихшы Зейнолла Самашевтың да жүргізген қазба жұмыстары - Сарайшық та¬рихы үшін үлкен олжа болды.
Алтын Орданың тарихи-географиялық орнын түбегейлі зерттеген ғалым Б. Л. Егоров аталған өңірдің 110 қала мен елді-мекендеріне сипаттама берген болатын. Әйтседе осы қалалардың бүгінгі заманымызға жетпеуі, кейбірінің орны да қалмауы өкінішті жағдай. Бұл халқымыздың басынан өткен ауыр тарихи тағдырлар мен шапқыншылықтың салдарынан болды. Бүгінгі күні орны сақталып қалған көне қалалардың жұрнағын тауып, олардың өмір сүрген дәуірі, сәулеті мен мәдениеті, экономикалық кескін-келбетін анықтау, кешегі тарихты бүгінгі таным-санамен бағамдау жолында жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады.
Бақытжол Кәкеш