Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бауырлас елдер арасындағы әріптестік арта береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапармен барып, Президент Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздер өткізді.

Бауырлас елдер арасындағы әріптестік арта береді

Төңкеріс әрекетінен кейін Түркияға алғаш атбасын бұрған Елбасының ресми сапарын түрік ағайындар туыстық қолдау деп бағалады. Анкараға арнайы келген Нұрсұлтан Назарбаевты Режеп Ердоған ресми сапардың мәртебесіне сай барлық жөн-жоралғымен қарсы алды. Мемлекет басшыларының екіжақты кездесуінен кейін екіжақты іс-қимылдың қазіргі ахуалы, сондай-ақ бірқатар басымдығы бар бағыттар бойынша Қазақстан-Түркия стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары кеңінен талқыланды. Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібінде тұрған аса өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

Келіссөздерден кейін екі ел басшылары бұқаралық ақпарат құралдарына арнап бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, толғақты мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Түркия Прези­дентінің айтуынша, кездесу барысында осы елдегі әскерилердің төңкеріс жасауға талпыныстары да талқыланды. Осы орайда, 15 шілде оқиғасынан кейін Түркияға келіп тұрған алғашқы Мемлекет басшысы Қазақстан Президенті екенін ерекше атап айтқан Р.Ердоған: - Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапармен келуі мен үшін, елім және ұлтым үшін үлкен абырой болып тұр.Сапардың әсіресе, 15 шілде күнгі әскери төңкерістен кейін өтуі өте маңызды. Қазақстан Президенті сол әскери төңкерістен кейін келген, сол арқылы біздің ұлтымызбен ынтымағын ашық түрде көрсеткен тұңғыш Президент. Қазақстан тәуелсіздік алған 25 жылдың бедерінде біз әрдайым бір-бірімізге деген бауырластығымызды көрсетіп келдік. «Жаман жігіт басын арашалайды, жақсы жігіт досын арашалайды» демекші, бұл ресми сапар Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас халықты ойлайтын шынайы достығын айғақтай түседі. Сол үшін Сізге өзімнің және халқымның атынан тағы да алғыс айтқым келеді, - деп ағынан жарылды.

Мемлекет басшысының Түркияға сапары - Режеп Тайип Ердоған би-лігінің әскери төңкеріс әрекетін басуы, Анкараның парламенттік билік­тен президенттік басқару формасына көшуі, сондай-ақ өңірдегі геосаяси қауіп-қатерлердің өршуі мен Түркиядағы күрделі экономикалық және ішкі саяси жағдаймен тұспа-тұс келді. Сондай-ақ бұл сапар Түркия мен Ресей қарым-қатынасының қайта қалыпқа келе бастауы жағдайында өтіп жатқанын да айтқанымыз жөн. Бұған да бірінші кезекте Қазақстан Пре­зиденті ықпал етіп, Түркия мен Ресей­дің арасындағы қарым-қаты­настың тоңын жібіткені баршаға мә­лім. Сондықтан да Р.Ердоған: «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Өз атымнан және түрік халқының атынан Түркия мен Ресей арасындағы дағдарысты реттеуге қосқан зор үлесі үшін тағы да ризашылығымды білдіремін» деді Түркия Президенті.

Елбасы осыдан ширек ғасыр бұрын, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған тұста халқымыздың қуанышын Түркия мемлекеті ең бірінші болып бөліскенін еске салды.

Елбасы Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне байланысты да өз пікірін білдірді. «Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мектептер - біздің мемлекеттің мектептері. Түркияға қарсы жұмыс іс­тейтін күштерді біз ешуақытта қол­дамаймыз. Бұл біздің мүддемізге жат­пайды. Сондықтан біз бүгін елдеріміздің білім беру министрліктері жұмыс тобын құрып, әр мектепті тексереді деп уағдаластық» деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Мем­лекет басшысы бұл лицейлер тексе­рілгенін және олардан заңсыз ештеңе табылмағанын атап өтті.

Мемлекет басшысы екі елдің алдында тұрған міндеттердің бірі сауда-саттық және инвестиция төңі­регіндегі әріптестік екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар уағдаластыққа қол жеткізіліпті. Қазақстанда көпте­ген түрік компаниялары жемісті қыз­мет атқаруда. Бүгінде елімізде түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Түрік бизнесінің өкілдері жаңа елор­да­мыздың құрылысына белсен­ді ат­салысты. Олар бүгінге дейін Қазақ­станда 20 млрд доллар шамасын­дағы мердігерлік жұмыстарды атқарды, 460 нысанды іске қосты. Тауар айна­лымы өткен жылы 2 млрд долларды құрады. «Бұл - қазіргідей дағдарыс жағ­да­йындағы көрсеткіш. Бұрын бұдан да жоғары еді. Былтыр Режеп Тайип Ердоған мырзаның Ас­танаға мемлекеттік сапары барысында «Жаңа Синергия» бірлескен эко­но­ми­калық бағдарламасын жүзеге асыру іс-шаралары жоспары қабылданды. Біздің ендігі мақсатымыз - екі елдің арасындағы сауда-саттықты 10 млрд долларға жеткізу. Біздің келіскен жаңағы құжат аясында жоспарланған, орындалып жатқан 20 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалардың жалпы құны 813 млн доллардан артық» деді Елбасы.

Бұл күні сонымен қатар Қазақстан Президенті Түркия инфрақұрылымы дамыған аса маңызды транзиттік ел екенін, осыны ескеріп, бауырлас елді «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатына атсалысуға шақырды. «Бұл біз үшін өте маңызды. Бүкіл Қытайдан, Орталық Азиядан Батысқа шығу Түркия арқылы жүзеге аспақ. Қытайдың шекарасынан біздің Кас­пий теңізіне дейін салынған 1500 шақырымдық теміржол салуды аяқтадық. Қазақстан арқылы өтетін Батыс Қытай 2700 шақырымдық автобан жолын салу аяқталды. Қазіргі таңда Баку порты кеңейтіліп жатыр. Біздің келіссөздеріміз бойынша, Қазақстан-Түркия индустриялық аймақтарын құру жұмыстары Қазақстанның бірқатар өңірінде жүріп жатыр. Бұл қадамдар екі елдің экономикалық әлеуетінің дамуына одан әрі серпін береді» деді Қазақстан Президенті.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің 2017-2018 жылдардағы Тұ­рақты емес мүшелігіне сайланғанын ай­тып, осы орайда, қазақ еліне қолдау біл­дір­ген бауырлас Түркияға алғыс біл­дірді.
Қазақстан Президенті өз сөзінде мәдени-гуманитарлық бағыттағы ық­пал­дастықтың артып келе жатқа­нын жеткізді. «Келер жылы Ас­танада «Болашақтың энергиясы» тақы­рыбы бойынша «ЭКСПО - 2017» халық­ара­лық көрмесі өтеді. Бұл ауқымды шара баламалы энергетика саласындағы инновация мәселесіне арналған. Осы орайда, мен Түркия басшылығын, бизнес өкілдерін және бауырлас түрік халқын аталған шараға қатысуға шақырамын» деді Елбасы. Осылай дей келе, ол жалпы, қазақ-түрік қарым-қатынасын барлық салада нығайту үшін үлкен мүмкіндік бар екенін, бұл жерде түркітілдес мемлекеттердің бірлігі ауадай қажет болатынын жеткізді. «Егер, бірлесіп жұмыстар атқаратын болсақ, біз алмайтын асу болмайды. Қазір Түркия үлкен белестің алдында тұр. Мен Түркияның алдағы уақыттағы бағыт-бағдары дұрыс боларына сеніммен қараймын» деді Нұрсұлтан ­Назарбаев. Р.Эрдоған Қазақстан Президентіне қазіргідей қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткені үшін тағы да алғыс айтты.