Бауыржан Байбек жаңа мектептің ашылуына қатысты

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Наурызбай ауданы «Шұғыла» ықшам ауданында №174 жаңа қазақ - мектеп гимназиясын ашты. «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Сәби» қоры салған оқу орнында 1 314 оқушы білім алады, 245 бала бірінші сыныпта оқиды. Жалпы, бүгінгі күні Алматыда мектеп партасына 230 мыңнан астам оқушы отырды, олардың 26 мыңы - бірінші сынып оқушылары.
Алматы әкімі өзінің сөзінде Наурызбай ауданы құрылғалы үш жылдың ішінде орта мектептегі оқушылар санының екі есе өсіп,12 мың оқушыға жеткенін айтты. Оқушылар орнының жетіспеушілігін шешу үшін 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Қалқаман» ықшам ауданында 900 орынды № 157 жаңа мектеп ашылған еді. «Ақжар» елді мекенінде 1 200 орынды тағы бір мектеп салынуда. Наурызбай ауданындағы екі мектепте нысандарды сейсмикалық нығайту жұмыстары жүруде.
Сапалы білім беру үшін мектептер заманауи физика, химия, биология, лингофонды-мультимедия кабинеттері мен интерактивті тақталармен жүз пайыз қамтылған. Мысалы, Наурызбай ауданындағы жаңа мектепте жаңа модификациядағы 10 лингафонды - мультимедиялы, физика, химия, биология кабинеттері, 4 информатика кабинеті және екі спорт зал бар.
Алматы әкімі оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 8-10 сынып оқушылары үшін «Мен - өз елімнің патриотымын» атты ашық сабағына қатысты.
«Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Білім мәдениеті баршамызға ортақ болуы тиіс. Егер бағалау жүйесінде білім басты байлық болса, онда ұлт жетістікке жетеді» деген еді.Бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асыру үшін білім мекемелері бұқараға қолжетімді, ашық болғаны жөн»,- деп айтып өтті Б.Байбек.
Биылғы оқу жылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың бес мектебінде туған өлкені тарих, география, мәдениет арқылы білудің өлкетану жөніндегі интеграцияланған курстарын ұйымдастыру жоспарланған. Кездесу барысында Бауыржан Байбек оқушыларға «Қазақстанның киелі географиясы» тарихи- мәдени мұра жобасы туралы айтып берді. Республикалық жобаға Алматыдан «Тәуелсіздік таңы», «Тәуелсіздік» монументтері, «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық паркі, Свято-Вознесенский кафедралды соборы, Райымбек батыр кесенесі, Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйі енген.
Айта кетерлігі, биыл Мемлекет басшысының жаңа Наурызбай ауданын құру туралы Жарлығына үш жыл толды. Осы кезең ішінде ауданда 188 км жол жөнделді, 64 көппәтерлі үй жылу желісіне қосылды, аудан газбен 100 пайыз қамтылды.
Ауданда 2 мектеп, 3 емхана, МЖС принципі бойынша 33 балабақша, 17 спорт, балалар алаңдары ашылды.
Қарғалы өзенінің 7,7 км жағалауы нығайтылды, айналасы абаттандырылды, аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда болды.
Бірнеше күн бұрын Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік - іскерлік орталығы ашылды, мұнда аудандық әкімдік, сот, прокуратура, ХҚКО, АХАЖ, Қазпошта, банк, зейнетақы төлеу орталығы, кіріс, әділет басқармалары және басқалары орналасқан.