Бауыржан Момышұлының «Намыс пен ұят бәрінен жоғары» деген сөзін естелік жазушылар жадында ұстауы керек - профессор Ким Серікбаев
АЛМАТЫ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бауыржан Момышұлы туралы естелік жазушылар оның «Намыс пен ұят бәрінен жоғары» деген сөзін жадында ұстауы керек. Бұл туралы әскери ғылымдар докторы, профессор Ким Серікбаев бүгін Алматыдағы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл қою рәсімі кезінде айтты.
«Бүгін Баукеңнің туған күні. Аман-сау жүрсе, 102 жасқа келер еді. Әзілхан Нұршайықов пен Дмитрий Снегиннің Бауыржан Момышұлы туралы кітаптарында - «Баукеңнің басқа батырлардан айырмашылығы бұл кісі 1418 күн, 18 түн ерлік жасады» деген сөздері бар. Б.Момышұлы қазақ халқының ерекше азаматы. Оның мінезі, ісі, бейнесі әр уақытта жарқырап тұру керек», - дейді К.Серікбаев. Оның айтуынша, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы туралы қазір естелік айтып, өмірін зерттеп жүргендер бар. Олардың арасында анау жерде анау болды, мынау жерде мынау болды деп ұсақ-түйекті сөз етушілер де кездесуде. Әр адамның өз мінезі бар. Мінезсіз адамнан қайраткер шықпайды. Сондықтан естелік жазғанда бұған мән беру керек.