«Баяғы жартас – бір жартас»: Ерлан Қошанов Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауабы жайлы

Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдар сырғытпа, үстірт жауап береді. Бұл туралы Парламенттің 2-сессиясының жабылу рәсімінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты.

«Депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да арнайы тоқталып өткім келіп отыр. Мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға беретін жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді. «Баяғы жартас – бір жартас». Сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн», - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керектігін баса айтты.

«Біздің жұмысымызда сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2 000-ға жуық кездесу өткізді. Депуттар сайлаушылардың мәселелерін өз депутаттық сауалдары арқылы жеткізіп отырады. Мысалы, осы сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдады. Сондай-ақ Мәжілістің қоғамдық қабылдау қызметі депутаттар мен халық арасындағы дәнекерге айналды. Сессия басталғалы бері қоғамдық қабылдау қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінді. Сонымен қатар депутаттарға тұрақты түрде өтініштер де келіп түседі. Осы сессияда 47 мыңнан астам азаматтың хаты қаралды», - деді палата спикері.

Сонымен қатар ол өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерге шұғыл сапармен бару депутаттық қызметтің тиімді тәсілі ретінде орныққанын айтты.

«Бір сөзбен айтқанда, халықты толғандыратын түйткілдер Үкімет пен әкімдер алдына ашық түрде қойылып жүр. Сессия басталғалы бері Үкімет мүшелері 2 рет арнайы шақырылып, сайлаушылардың талап-тілегі отырыста жан-жақты қаралды. Нәтижесінде азаматтардың сұранысы ескеріліп, мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін тағы бір жұмыс тетігі пайда болды», - деді Ерлан Қошанов.

Соңғы жаңалықтар