Баянауыл ұлттық паркінде бұландар фототұзаққа түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормандарында орнатылған фототұзақтар бұландарды тіркеді.
Фототұзақтар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Торайғыров университетінің докторант қызметкерлерінің бірлескен жұмысы аясында орнатылған.
Бұлан – орманды мекендейтін ең ірі тұяқты жануарлардың бірі. Дене тұрқы ірі болғанымен, ол қалың орман арасында еркін қозғалып, адам көзіне көп түсе бермейді. Сондықтан фототұзаққа түскен мұндай кадрлар жануарлардың табиғи ортадағы тіршілігін зерттеу үшін маңызды.
– Фототұзақтар арқылы мамандар жануарлардың қай аумақтарды мекендейтінін, олардың қозғалысы мен табиғи ортадағы мінез-құлқын адам араласуынсыз бақылай алады, – делінген ақпаратта.
Мұндай бақылау тәсілі жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасын зерттеуге және олардың табиғи жағдайдағы қозғалысы туралы мәлімет жинауға мүмкіндік береді.
Бұл жолы фототұзақтар Баянауыл ормандарында еркін жүрген бұландарды түсіріп алған.
Айта кетейік, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде тауешкілер тобы фототұзаққа түсті.