Баянауыл ұлттық паркінде өртенген жерлердің жалпы аумағы шамамен 480 гектар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ұлттық парк басшылығы қазіргі уақытта өрттің толық өшірілмегенін мәлім етті. Тілсіз жау жайпап өткен жерлердің алдын ала көлемі есептелген. 

Баянауыл ұлттық паркінде өртенген жерлердің жалпы аумағы шамамен 480 гектар
Фото: видеодан алынғын скрин

Баянауыл ұлттық паркіне қарасты жерлердегі өрттің оқшауланғанына 6 күндей уақыт өткенімен, толық жанып бітпеген. 

— Өрт 14 қыркүйек күні Далба орман шаруашылығында тіркелді. Алғашқы күндері жел бағытының өзгеруі және күшеюі салдарынан жоғары қарқынмен таралды. Өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарына «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуеден барлау жүргізу және қажетті күштерді жеткізу мақсатында BO 105 тікұшағы және су төгетін құрылғымен жабдықталған Ми-8 тікұшақтары жұмылдырылды. 16 қыркүйек күні оқшауланып, қазіргі уақытта толық сөндіру, аумақты бақылау және оның қайта тұтануына жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Баянауыл ұлттық паркінің басшысы Алмаз Жұмашев.

Алдын ала есеп бойынша шамамен 480 гектар жер жанып кеткен. Жалпы өртті сөндіру жұмыстарына 135 адам және 41 техника жұмылдырылған.

— Табиғи апаттың толық жойылмай отыруының негізгі себебі жалын ағаштардың тамырына еніп кеткен. Кейде орман өрті кезінде от жердің бетінде ғана емес, астында да жүреді. Қалың шымтезек (торф) немесе құрғақ органикалық қалдықтар жанғанда, өрт ағаш тамырларына өтеді. Мұндай өрт сырт көзге көрінбей, апталап, тіпті айлап іштей жануы ықтимал, — дейді парк басшысы.

Еске сала кетейік, 14 қыркүйек күні Қарағанды өңірінен келген қалың өрт Баянауыл ұлттық паркінің аумағына өтіп кетті

Ал 16 қыркүйекте Баянауыл ұлттық паркіндегі орман өрті оқшауланды.