Баянауылда мұз үстінде сырғанаған аққулар мен желмен жарысқан киіктер бейнежазбаға түсіп қалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Сирек кездесетін ақбөкендер мен аққулардың жазғытұрым жаппай келіп жатуы ұлттық парк аумағының жан-жануарлар үшін қолайлы орта екенінің белгісі дейді мамандар.
Желіде Баянауыл ұлттық паркінің аумағында түсірілген ерекше бейнежазба тарап жатыр. Онда мұз үстінде сырғанай басып бара жатқан қос аққу мен жазық далада емін-еркін жайылып жүрген киіктер бейнеленген. Бұл роликті жергілікті блогер, табиғат жанашыры Есен Жүсіпбаев түсірген.
– Осындай жердің бар екеніне сенесің бе?
Көлде – аққу,
Далада – ақбөкен.
Қазақтың кең даласы, - деп жазды Instagram-дағы парақшасында автор.
Мамандардың айтуынша, мұндай табиғи көші-қон – экожүйенің саулығының маңызды көрсеткіші әрі сирек түрді қорғауға бағытталған кешенді іс-шаралардың нәтижесі.
Ұлттық парк аумағында су айдындары мен шалғынды жерлер мол. Ақбөкендер мұнда жазғытұрым топ-тобымен жиналып, төлдейді. Жаз-күз айларында Баянауыл мен Май аудандарында 30 мыңға дейін ақбөкен жосып жүреді. Жалпы Павлодар облысының аумағында киіктер жоғарыда аталған аумақтардан бөлек, Ақсу мен Екібастұз ауылдық аймақтарында да кездеседі.
Бұған дейін Павлодар өңіріне аққулар ұшып келе бастағанын жазғанбыз.