Баянауылдағы өрт: Жұмат Шанин ауылына қауіп төніп тұрған жоқ
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауылдың Қарағанды облысымен шекаралас аумағындағы өртті ауыздықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Желтау ауылынан 25 шақырым жердегі Жұмат Шанин ауылына қауіп төніп тұрған жоқ.

Ресми статистикаға сүйенсек, Күркелі ауылдық округінің орталығы – Жұмат Шанин ауылында 503 адам тұрады.
«Күркелі ауылдық округі бойынша 932, ал Жұмат Шанинда 503 адам тұрады. Өрт болып жатқан Желтау бөлімшесі Жұмат Шанинға 25 шақырымдай жерде орналасқан. Өрт Қарағанды облысында негізі кеше туындағанын байқағанбыз. Бірақ желдің бағытына байланысты қауіп жоқ делінген. Алайда бүгін таңертеңгілік желдің бағыты оңтүстік-батысқа өзгерді әрі екпіні үдей түсті. Салдарынан өрт Күркелі ауылдық округінің аумағына кіріп отыр. Өрттің иісі таңертеңгілік Жұмат Шанинге жеткен, ал қазір ауа таза. Әрі мамандар ауылға төніп тұрған қауіп жоқ деп сендіріп отыр»,-деді Күркелі ауылдық округінің әкімі Әлібек Сапабеков Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Округ орталығындағы Қ.Кемеңгеров мектебінде 50 адамға арналған эвакуциялық пункт ұйымдастырылған. Бұған дейін Желтау ауылы мен Бәйнеке қыстағынан көшірілген отбасылардың мүшелері қауіпсіз аумаққа орналастырылғаны туралы жазғанбыз.
- Қалың түтінді, жақындап келе жатқан өртті бүгін таңертеңгілік сағат 10-дардың шамасында байқадық. Ал түске таяу ол Желтауға жақындай түсті. Адамдардың барлығы абыржып, қатты қорықтық. Отбасымызда 2 баламыз бар. Олар үшін алаңдадым. Төтенше жағдай қызметкерлері келіп, біздің үйден шықпауымызды өтінді. Ер азаматтардың барлығы таңертеңнен өрт сөндіруге шықты, жан-жақтан көмек келе бастады. Қатты жел біраз әбігерге салған сияқты. Ал сағат төрт-бестердің шамасында бізді өзге отбасылармен бірге арнайы ұшып келген 2 тікұшаққа отырғызып, Жұмат Шанин ауылына жеткізді. Барлығы туыстарын жағалап кетті. Үйлеріміз, қора-қопсымыз аман қалыпты деп естідік. Бірақ үйдің ішіне түтіннің ащы иісі кіріп кетті. Киімдеріміздің барлығынан өрттің иісі шығады»,-деді Желтау ауылының тұрғыны Мәдина Жанатова.
Еске сала кетейік, биылғы тамыз айында Желтау ауылына жақын жердегі Шалқар көлінде 150 дала құсы белгісіз жағдайда қырылып қалған еді.