Баянауылдағы Торайғыр аумағында тағы қарақұрт шығып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауыл ұлттық паркінің ғылыми қызметкерлері Торайғыр көлінің солтүстік-шығысындағы тастақ жерлерден қарақұрт жұмыртқаларын тапқанын мәлімдеді. Демек жаз маусымында қауіпті жәндіктің қайта шығу ықтималдығы бар.

ы
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Торайғыр ауылдық округінің аумағында, Жасыбай бөлімшесінің 6-шы орамында қарақұрттың жұмыртқалары табылды.

в
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

 - Қауіпті жәндіктер Торайғыр көлінің солтүстік тасты жағажайында шамамен 2-3 шектар жерді жайлаған. Әзірше біздің қызметкерлерімізге қарақұрттың аналықтары кездескен жоқ. Жәндіктердің өзі қыста тастардың қуысына кіріп жан сақтайды да, күн жылына жер бетіне шығады. Жұмыртқалары күн ысығанда жарыла бастайды. Айрықша қорғалатын жер болған соң парк аумағында химиялық өңдеуге рұқсат жоқ. Жұмыртқаларын қолмен жинап, құтыға салып өртеп жібереміз. Жою жұмыстары алдағы күндері жүргізіледі, - дейді ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұлан.

ы
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Қарақұрт осымен ұлттық парктен төртінші жыл қатарынан табылып отыр. 2024 жылы Баянауылдағы туристік орындарда қарақұрт қаптап кеткен еді.

Сол жылдың тамыз айында қарақұрт қаптауына байланысты Баянауылда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Ал 2025 жылы қарақұрт Торайғыр көлінің аумағында шамамен 30 гектар жерді жайлағаны туралы жазғанбыз.