Бәйдібек ауданына көгілдір отын жетті - ОҚО
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Шаян ауылына табиғи газ жетті. Бүгін «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистральдық газ құбырынан тартылатын «Шалдар» автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды.
Газ алауын жағу салтанатына облыс әкімі Б.Атамқұлов пен «ҚазТранГаз» АҚ Бас директоры Қ.Шәріпбаев, жергілікті тұрғындар және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған станса арқылы 55 мыңнан астам тұрғыны бар Бәйдібектегі 52 елді мекен мен 50 мыңнан астам тұрғыны бар Созақ ауданы газбен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда 35 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Көгілдір отынға қол жеткізген алғашқы тұрғындардың бірі Бейсенбек Игісінұлының шаңырағы болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсенбек ақсақалды құрметтеген билік өкілдері бұл отбасыға табиғи отынның тегін кіргізілуін қамтамасыз етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.