Бәйдібек ауданында тағы бір спорт кешені ашылды - ОҚО
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ауылда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық бар. Қараусыз қалған ескі спорт залына 25 млн. теңге жұмсалып, қайта жан бітті. Кешенге жылу жүйесі жүргізіліп, спортшылар жуынып-шайынатын арнайы бөлмелермен жасақталды. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жабық спорт алаңшалары ашылды. Бұл нысан «Бал Текстиль» ЖШС-і демеушілігімен салынды. Отандық өнім - кілемді Еуропа нарығына шығарып үлгерген фабрика директоры Талғат Ысқақов - осы ауылдың тумасы. Меценат бұған дейін Жүзімдіктегі мектепке көлік сыйлап, ауылдығы мешітті күрделі жөндеуден өткізген. Енді, балалардың болашағы үшін спорт кешенін жабдықтап, ауданның коммуналдық меншігіне өткізіп отыр. Айтқандай, спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі облыстық турнирмен басталды. Волейбол мен тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ауданның намысын республикалық додаларда қорғап жүрген саңлақ спортшыларға тарту жасалды. Бәйдібек ауданында елім деп еміренген ерлер көп. Тиісінше, елі де азаматтарын ардақ тұтады. Ауылын көркейтуге ат салысқан Талғат Ысқақовқа «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Өңір басшылығынан арнайы барған өкіл жомарт кәсіпкерге облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.