Байқоңырдан «Союз МС-29» ғарыш кемесі ұшырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Екі ресейлік ғарышкер мен NASA астронавты мінген «Союз МС-29» ғарыш кемесі белгіленген орбитаға шығып, Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) бет алды.
Экипаж ұшар алдын бірнеше күнді Байқоңырдағы «Космонавт» қонақүйінде өткізді. Бұл — адам қатысатын ғарыш сапарлары алдында көп жылдан бері сақталып келе жатқан дәстүрдің бірі. Ғарышкерлер өздері тұрған бөлмелердің есіктеріне қолтаңба қалдырды. Ал ғарыш айлағына шығар алдында дәстүр бойынша «Шөлдегі ақ күн» (White Sun of the Desert) фильмін тамашалады.
Зымыран ұшырылар алдында тікелей эфир көрермендеріне арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.
Астана уақытымен сағат 19:47:50-де № 31 ұшыру алаңынан «Союз-2.1а» зымыран көкке көтерілді. Шамамен тоғыз минуттан кейін «Союз МС-29» кемесі зымыранның үшінші сатысынан бөлініп, орбитаға шықты.
Кеме командирі — «Роскосмос» ғарышкері Петр Дубров. Онымен бірге ресейлік ғарышкер Анна Кикина мен NASA астронавты Анил Менон Халықаралық ғарыш станциясына аттанды.
Петр Дубров пен Анна Кикина үшін бұл — ғарышқа екінші сапар. Дубров алғашқы сапарында орбитада бір жылға жуық уақыт болып, ашық ғарышқа төрт рет шыққан. Ал Кикина бұған дейін Халықаралық ғарыш станциясына америкалық Crew Dragon кемесімен ұшып барып, ғарышта 157 тәулік өткізген.
Ал Анил Менон алғаш рет ғарышқа ұшты. Мамандығы бойынша ол — жедел жәрдем дәрігері әрі инженер-механик. NASA астронавтар тобына қабылданғанға дейін ұшу дәрігері болып жұмыс істеп, Халықаралық ғарыш станциясына жасалған экспедициялардың медициналық даярлығына қатысқан. SpaceX компаниясының алғашқы адам қатысқан ғарыш миссияларын әзірлеуге атсалысқан.
«Союз МС-29» Халықаралық ғарыш станциясына қысқа маршрутпен ұшып барады. Бірнеше сағат ішінде кеме Жерді екі рет айналып өтіп, станцияға жетеді. Астана уақытымен 22:56–да кеме Халықаралық ғарыш станциясының Ресей сегментіндегі «Причал» модуліне автоматты түрде жалғанады.
Станцияға жеткен соң экипаж алдымен 74-ұзақ мерзімді экспедиция құрамына қосылып, кейін жұмысын 75-экспедиция аясында жалғастырады. Ғарыш сапары 261 тәулікке жоспарланған. Экипаж Жерге 2027 жылдың көктемінде оралады. Осы уақыт ішінде Ресей бағдарламасы бойынша ашық ғарышқа екі рет шығу жоспарланған.
Экспедиция барысында экипаж ғылыми зерттеулер жүргізіп, станциядағы жоспарлы жұмыстарды атқарады. Бағдарламаға ғарышта жартылай өткізгіш кристалдарын өсіру, адамның қан айналымы жүйесі мен қан тамырларындағы өзгерістерді зерттеу, жасанды интеллект көмегімен ультрадыбыстық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ биопринтер арқылы қан тамырларының құрылымдарын жасау енгізілген.
Байқоңырдағы ұшуды NASA басшысы Джаред Айзекман да тамашалады. Бұл — америкалық ғарыш агенттігі басшысының Байқоңырға соңғы сегіз жылдағы алғашқы сапары.
Еске салайық, бүгін № 31 ұшыру алаңы жөнделгеннен кейін одан алғаш рет адам қатысқан ғарыш кемесі ұшырылды. Алаң 2025 жылдың қараша айында «Союз МС-28» кемесі ұшырылғаннан кейін зақымданған болатын. Жөндеу жұмыстары 2026 жылдың басында аяқталды. Ал наурыз айында осы алаңнан алғаш болып «Прогресс МС-33» жүк кемесі ұшырылған еді.