«Байқоңырдың» бірқатар туристік нысаны Қазақстанға қайтарылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – «Байқоңыр» кешенінде Туризмді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

«Байқоңырдың» бірқатар тартымты туристік нысаны Қазақстанға қайтарылмақ
Фото: Роскосмос

– «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетіне ерекше назар аударылады. Оны кеңейту үшін «Kazakh Tourism» АҚ «Байқоңыр» кешенінде Туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 2024 жылдың қараша айында «Союз» зымырандарының ұшырылуын бақылау үшін киіз үй орнатылып, ұлттық стильде безендірілген «QAZQOSMOS» бақылау пункті салынды, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, бұдан басқа ғарыш айлағының бірқатар тартымды туристік нысанын («Нөлдік квартал», «Гагариндік беседка» (10-алаң), «Коттедждер» қонақүйлері (2ж-алаң), Монтаждау-жанармай құю кешені (112А-алаң), Динамикалық сынақтар стенді (112д-алаң) жалға алу және Қазақстан тарабына қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.

– 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін «Гагариндік старт» нысан жалға алу бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарланған. «Инфракос» РМК қазақстандық және ресейлік туроператорлармен қызмет көрсету шарттары жасалды. «GEORARK АRAL» қоғамдық қорымен меморандумға және «Kazakh Tourism» АҚ мен «BSL consulting» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Бұған қоса, «Бәйтерек» БК» АҚ ғарыш зымыран кешенін қоса алғанда, кәсіпорынның негізгі нысандарын қамтитын экскурсиялық бағдарламаларды бекітті, - деді Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуына орай видеоүндеу жолдады.

Соңғы жаңалықтар