«Байқоңыр» қымбат, халықтың амандығы одан да қымбат» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 ақпан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Байқоңыр» қымбат, халықтың амандығы одан да қымбат» - баспасөзге шолу

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында сайлауалды науқанның барысы жайында «Сайлау науқанына 15 күн: не істелді?» атты мақала жарияланды.

Газеттің жазуынша, елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны басталғалы бері тура 15 күн өтті. Осыған орай кеше Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен осы аралықта атқарылған жұмыстар және алдағы маңызды саяси науқанға дайындық барысы туралы айтып берген.

- Қазіргі кезде ОСК-ға 4 партиялық тізім ұсынылды: 30 қаңтар күні - «Нұр Отан» партиясының 127 адамды қамтитын партиялық тізімі, 2 ақпанда - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 19 адам енгізілген партия­лық тізімі және Қазақстан коммунистік халық партиясының 22 адам кірген партиялық тізімі, ал 3 ақпанда «Ақ жол» демократиялық партиясының 35 адам қосылған партиялық тізімі бізге келіп түсті. Қазіргі уақытта үш тізімдегі канди­даттардың Ата заңға және сайлау туралы заңнамаға сәйкестігі тексерілу үстінде. Ал 3 ақпанда Ортсайлауком «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеді және оның Парламент Мәжілісі депу­таттығына кандидаттарының барлығына «кандидат куәлігін» берді, - деді Ләззат Сүлеймен.

«ОСК мүшесі Қазақстанда мәслихаттар депутаттығына үміткерлерді ұсыну да белсенді жүріп жатқанын мәлімдеді. Ол 20 наурыз күні елімізде 3335 сайлау округі бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары сайланатынын еске салды:

- Облыстық, сондай-ақ Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары бүгінгі 4 ақпанда, таңғы сағат 10-да берген мәліметтер бойынша республикада барлығы 2 865 кандидат ұсынылды.

Өңірлер ішінде Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары жергілікті өкілді органға депутат болуға қызығушылар саны жөнінен алда келеді», - делінген материалда.

***

Қазақстанда жұмыссыздар үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропаның дамыған елдерінде қолданылатын жұмысқа орналастырудың жеке картасы әзірленетін болады, деп жазады «Айқын» «Жұмысқа орналастырудың жеке картасы әзірленеді» атты мақалада.

Бұл туралы Сенатта «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім еткен.

- Заң жобасы арқылы жұмыссыздық мәртебесін берудің үдерісі арқылы жұмыссыздарды формальды тіркеуді жою көзделеді. Бұл ретте жұмыссыздық туралы статус тек ол адамға лайықты жұмыстар табылмаған жағдайға ғана берілетін болады, - деді министр Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздар үшін әртүрлі кәсіп бойынша жұмыс берушілер ұсынатын мәліметтер базасынан бос жұмыс орнын табумен айналысады. Табылған жұмыс орындарына жұмыссыз адам жолданады.

- Заң жобасына сәйкес, егер жұмыс іздеушіге лайықты келетін жұмыстар үшін оқыту қажет болса, онда жұмыс іздеушілер арнайы курстарға жолданады. Сонымен қатар, жұмыс іздеуші тұлға әрбір үш күн сайын өзі Халықты жұмыспен қамту орталығына барып тұруы тиіс. Осы арқылы оның белсенді жұмыс іздеп жүргені нақтыланады және ол нақтыланбаса онда он күн ішінде тұлға жұмыссыздық ала алмайды, - деді Т. Дүйсенова.

«Cондай-ақ жұмыссыз адам әлеуметтік қолдау алу үшін Жұмыспен қамту орталығымен әлеуметтік келісімшарт жасайтын болады. Министрдің айтуынша, заң жобасы бойынша жұмысын жоғалтқандарға әлеуметтік төлем уақыты да ұзартылатын болады», - делінген мақалада.

***

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Күн тәртібіне екіжақты халықаралық екі келісім мен бір хаттаманы ратификациялау жөніндегі үш заң жобасы енгізілген екен.

Қосымша баяндаманы сенатор Мұрат Бақтиярұлы жасады. Заң жобасын талқылауға бірнеше сенатор қатысты. Соның ішінде Икрам Адырбеков бұл заң жобасы апатты жағдайға байланысты Ресей тарапының жауапкершілігін күшейтуге бағытталғанын айта келіп, өзінің 2006 жылғы апаттың зардабын жоюға тікелей араласқанын еске алды. Сол жолы зымыран көкке көтерілмей, жатып-ақ жарылды. Негізгі бөлігі Байқоңыр қаласынан 100-150 шақырым жерге барып құлады. Біз сол құлаған жерді 2 күн іздедік. Шұңқырды тапқанымызбен, зымыранның қалдықтарын және басқа да дүниелерді ресейлік әріптестер Қазақстан тарапына ешқандай ақпарат бермей түгін қалдырмай алып кеткенін көрдік.

Алайда, сол жерге төгілген гептильдің зияндылық деңгейі өте жоғары екенін аспаптар көрсетіп тұрды. Екі тарап келісіп, үш аптадан кейін барып өлшегенде, ол жерде гептильдің ізі де болған жоқ, демек, ол ауаға тез тарап, жерге тез сіңіп кетеді екен. Мына заң жобасында гептильді шұғыл залалсыздандыру мәселесі қарастырылмаған. Біз екіжақты комиссия құрып, ырғалып жүргенде, гептиль тарап кететіні сөзсіз. Сондықтан, екіжақты комиссия алдын ала жасақталып, апат болған жерді шұғыл тексеруі керек. Қарастырылып жатқан құжатта осы мәселе ескерілуі керек еді. Өкінішке қарай, ол қарастырылмаған.

Сонымен қатар, ол заң жобасында соңғы он жылда зымыран екі рет құлаған Қармақшы ауданы тұрғындарының денсаулығына, жері мен суының тазалығына мониторинг жасап отыру мәселесі қарастырылмағанын айтты. Ал шығындарды өтеу туралы айтқанда, сенатор, тіпті, өкініш білдірді. Мәселен, Қазақстан тарапы 2006 жылғы апаттың зардабын 11 млрд. теңгеден астам деп есептесе, Ресей тарапы соның 141 млн. теңгесін ғана төлеген. Өйткені, апат салдары дер кезінде тексерілмей, біршама уақыттан кейін ғана қолға алынғандықтан, оның нақты залалын анықтау қиынға соққан. Толығырақ, «Байқоңыр» айлағына қатысты барлық жайтты «Егемен Қазақстан» басылымының «Байқоңыр» қымбат, халықтың амандығы одан да қымбат» атты мақаласынан оқи аласыздар.

***

«Түркістан» басылымы болса, бүгінгі санында «Алдағы Мәжілістен кімді көргіміз келеді?» деген сауадың айналасында ой өрбітеді.

«Бұл Мәжілістің бітіргені мен қабылдаған заңдары жайында бұған дейін де тілге тиек еткен едік. Ал ендігі депутаттар кім болуы керек? Әрине, Мәжіліс, Парламенттің пәрменділігі бұның алдындағы Мәжілістермен салыстырғанда, соңғы жылдары күрт төмендеді», - делінген «Мәжіліске кімдер барады?» атты мақалада. - Атқарушы Үкіметтің дайындап келген заң жобаларына бас шұлғып, қол көтеруден арыға бара да қоймады. Мәжілісмендер өз айлықтарын азайту туралы ұсынысқа өре түрегеліп қарсы тұрғанымен, мектеп бүлдіршіндеріне арналған тегін тамақты алып тастауға жүз пайыз мақұлдап, қол көтерді. Мәжілісмендердің ең ұзақ талқылаған заң жобасы - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң. Оралмандардың құқықтық мәселесін реттеуге келгенде көп айтысып, тартысқан Мәжіліс депутаттары әйтеуір тарамай тұрып, олардың азаматтық алу мәселесін біржақты етіп кетті».

«Сонымен, алдағы Мәжілістен кімді көргіміз келеді?», - деп жазады «Түркістан».

«Ең бастысы, халықтың қамын ойлар, елдің ертеңі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін, әлеуметтің мұңын түсіне алатын, заң саласынан хабары бар жанның халықтың қалаулысы болуға әбден қақысы бар. Партиялар өздерінің партиялық тізімін жасағанда да, сайлау алды бағдарламасын дайындағанда да, осы бір үрдістен жаңылмаса екен. Парламенттің төрін кім көрінгеннің сайқымазағына айналдырмау бүгінгі партияларға да, сайлаушыға да сын», - делінеді аталған материалда.

***

Бүкіл жиған-терген қаражатын шекара сыртына ала қашқан қалталылар заңсыз қаражатты «ақтап» ала алмайтын болады, деп атап өтеді «Түркістан» басылымы «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті: Оффшорларың түкке жарамай қалады» дегентақырыппен берілген мақалада.

«Бүкіл жиған-терген қаражатын шекара сыртына ала қашқан қалталыларды Қазақстан экономикасын дамытуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, отандық өндірісті күшейтуге, салуға шақырған Елбасы 2017 жылдан бастап жалпыхалықтық кіріс пен шығысты ашық көрсету туралы декларация жарияланатынын, сол кезде заңсыз қаражатты «ақтап» алу қиынға түсетінін және ешкімнен ешнәрсені жасыру мүмкін еместігін ескертті», - делінген мақалада.

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының Астанада өткен құрылтайында: «Біз қаншама байды - миллиардерлер мен миллионерлерді өсірдік. Олар қазір «Forbes»-тің суреттеріне шығып жүр. Өте әдемі көрінеді, беттеріне опа жаққан, киімдері де керемет. Бірақ осы ақшаның барлығын табуға біздің еліміз, мемлекетіміз - Қазақстан мүмкіндік берген. Ендеше, қаражатты осында құю қажет. Түрлі оффшорларың түкке жарамай қалады», - деп ескерткен Елбасы қалталыларды Қазақ елін дамытуға шақырды.

Айта кетейік, 2015 жылы Үкімет арнайы қабылданған заң бойынша, сыртқа кеткен ақшаны заңдастыруды қолға алған болатын. Бұл науқан 2016 жылдың соңына дейін созылады.

***

Қазақстанда жылына 16 мыңнан астам адам обырдан көз жұмады. Осындай жан түршігерлік деректерді «Литер» басылымы келтіріп отыр.

Дегенмен 2009 жылдан бері аз да болса (шамамен 10 пайызға) обырдан дүние салатындардың саны азайып келеді. Оған алдын алу скринингтерінің және қазақстандықтарды ақпараттандырудың арқасында қол жеткізілді.

Басылымның атап өтуінше, скринингтік бағдарламалар обырдың бірнеше түрлері бойынша тегін жүргізіледі: жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, қуық асты безінің қатерлі ісігі , колоректалды қатерлі ісік, өңеш, асқазан және бауыр қатерлі ісігі. Соңғы жылдары, отандық онкологтар обырды алдын алу және оны ерте кезеңдерде емдеуді басым мақсатқа айналдырған. Себебі, ерте кездерде анықталған қатерлі ісікті 90 пайыз жағдайда емделеді. Толығырақ, «Ежегодно в Казахстане выявляется до 30 тысяч новых случаев онкозаболеваний» атты мақаладан оқыңыздар.