Байланыс операторларына салынатын айыппұл 10 есе артты - Бағдат Мусин
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «ең алдымен цифрлық теңсіздікті жою, барлық азаматтар үшін интернетке барынша қолжетімділікті және сапалы байланысты қамтамасыз ету» керектігін тапсырған болатын. Бүгінгі таңда байланыс пен интернет - бұл жолдар мен электр энергиясы сияқты ауадай қажет дүние. Біздің кең байтақ жеріміздің көлемін ескере отырып, коммуникациямен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқардық. Ендігі біздің мақсатымыз - интернет мен байланыс сапасын жүйелі түрде жақсарту», - деп
Бағдат Мусин байланыс операторларына өздері келіскен талапқа сәйкес интернет жылдамдығын қамтамасыз етпегені және нашар байланыс үшін айыппұл көлемін ұлғайтуға қатысты мәселені бірнеше рет көтергенін, бұл бастаманы депутаттар қолдап, заңнамалық деңгейде бекіткенін атап өтеді.
«Енді сапасыз қызмет көрсеткен байланыс операторларына салынатын айыппұл 10 есеге артты. Егер бұрын айыппұл 100 АЕК болса, енді оның көлемі - 1000 АЕК. Ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл сомасы 200-ден 1500 АЕК-ке дейін өседі», - деді ол.
Сонымен қатар министр сапасыз қызметті қалай анықту керектігіне детоқталады.
«Әрбір қазақстандық байланыстың немесе интернеттің нашар сапасына тексеру жүргізу үшін шағымының тақырыбын, операторды және тексеруді қажет ететін мекенжайды көрсете отырып Телекоммуникациялар комитетінің немесе тиісті аумақтық байланыс инспекциясының мекенжайына «электрондық үкімет» порталы, «Е-Оtinish» жүйесі арқылы жүгіне алады. Өтініш қабылданған кейін тексеру тағайындалады және онда олқылықтар анықталса, операторға айыппұл салынып, сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Мұндай қадам бізге сапасыз байланысы бар аймақтарды анықтауға және жедел шешім қабылдауға, ал операторларға байланыс сапасын жақсартуға және өз желілерін дамытуды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді», - деді Бағдат Мусин.