«Байсары» қой тұқымының төрт селекциялық жетістігі патент алды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында «Байсары» қой тұқымының селекциялық жетістіктеріне мемлекеттік апробация жүргізілді. Нәтижесінде екі тұқымішілік тип пен қошқарлардың екі зауыттық желісі мемлекеттік деңгейде танылып, патент алды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Казахстанская порода овец «Байсары» получила государственное признание
Фото: АШМ

Министрлік бұйрығына сәйкес, АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік комиссиясы «Байсары» тұқымының селекциялық жетістіктерін бағалады. Жұмыстарды ғылыми және ұйымдастырушылық тұрғыдан Етті-майлы бағыттағы қой шаруашылығы республикалық палатасы сүйемелдеді.

овцы «Байсары»
Фото: АШМ

Түркістан облысының Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласы аумағында Түркістан тұқымішілік типі бағаланды. Бірқатар шаруа қожалығы мен кәсіпорында барлығы 7,3 мыңға жуық жоғары өнімді қой тексерілді.

– Апробация тікелей асыл тұқымды шаруашылықтарда жүргізіліп, мал басы мен негізгі өнімділік көрсеткіштері бағаланды. Түркістан облысында Түркістан тұқымішілік типінің 7,3 мыңға жуық жоғары өнімді мал басы зерттелді, – деп атап өтті министрлікте.

Сонымен қатар №00452 «Миллион» және №5042 «Депутат» қошқарларының екі зауыттық желісі бағаланды. «Миллион» желісінің негізін қалаған қошқардың тірі салмағы 231 келіге жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген.

овцы «Байсары»
Фото: АШМ

Жамбыл және Алматы облыстарында Жетісу тұқымішілік типіне жататын 3,5 мыңнан астам қой апробациядан өтті. Жамбыл облысында жұмыстар Қордай, Шу, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында, ал Алматы облысында Қарасай ауданы мен Қонаев қаласындағы шаруашылықтарда жүргізілді.

«Байсары» қойы етті-майлы бағыттағы тұқымға жатады. Ересек асыл тұқымды қошқарлардың тірі салмағы 140–180 келі болса, жекелеген малдың салмағы 200 келіден асады. Сойыс шығымы 53–56%-ды құрайды.

Мемлекеттік сынақтар мен апробация нәтижесінде төрт селекциялық жетістік ресми түрде танылып, патент алды. Олар – №1292 Жетісу тұқымішілік типі, №1293 Түркістан тұқымішілік типі, №1294 «Миллион» зауыттық желісі және №1295 «Депутат» зауыттық желісі.

Алынған нәтижелер алдағы уақытта «Байсары» қой тұқымының өнімділігі мен селекциялық қасиеттерін жетілдіруге бағытталған асыл тұқымдық жұмыстарда пайдаланылмақ.

Айта кетейік, ғалымдар асыл тұқымды бұқалардың өсімталдығын арттыруға арналған биоқоспаға патент алды.