«Бәйтерек» холдингі елде бизнесті қолдаудың жаңа тетігін іске қосып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин бизнесті қолдаудың бірыңғай фронт-кеңселеріне қатысты түсінік берді.

Рустам Карагойшин
Фото: "Бәйтерек"

Оның айтуынша, холдинг шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді экожүйесін қалыптастырып келеді. Осы бағытта кепілдендіру, субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру құралдары арқылы 2026 жылы шамамен 3 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Негізгі басымдық кәсіпкерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға, бизнесті ашу мен дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға беріліп отыр.

- Шағын және орта бизнесті дамыту - маңызды басымдықтардың бірі. Себебі бұл сектор экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлер экономикасын дамытуға ықпал етеді, - деді Карагойшин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Осыған байланысты бизнесті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтерді қамтитын кешенді экожүйені дамыту жалғасып жатыр. Мысалы, Өнеркәсіпті дамыту қорының жабдықтарды жаңарту бойынша модернизация бағдарламасы «Даму» қорының бірыңғай фронт-офистері арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, холдинг биыл «Өрлеу-лизинг» бағдарламасын іске қосты, ал өтінімдер 10 жұмыс күні ішінде қаралады.

Сонымен қатар Р. Карагойшин холдинг қызметінің нәтижесінде 2025 жылы барлық бағыттар бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 10,4 трлн теңгені құрағанын айтты. Осының нәтижесінде:

- 77 ірі жоба қаржыландырылды;

- шағын және орта бизнестің 27,4 мың жобасына, 131 экспорттаушының жобаларына қолдау жасалды;

- көктемгі егіс жұмыстарында 7,2 мың фермерге қолдау көрсетілді;

- 11,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді;

- 77,5 мың отбасы, оның ішінде кезекте тұрған 11,6 мың азамат баспанамен қамтылды.

2026 жылы холдинг экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемін 8 трлн теңге деңгейінде сақтайды. Оның ішінде 3,9 трлн теңге холдинг тарапынан ірі инвестициялық жобаларды тікелей қаржыландыруға бағытталған. Ал 4,1 трлн теңге – кепілдендіру, сақтандыру, субсидиялау мен шартты қаржыландыру құралдары арқылы қарастырылған. Оның шамамен 50 пайыздан астамы екінші деңгейлі банктер арқылы бағытталады.

Биылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша холдингтің жинақталған тікелей қолдау несие портфелі 7,7 трлн теңгені құрады. Бұл – экономиканы несиелеудің жалпы көлемінің шамамен 14 пайызы.