«Бәйтерек» қолдау көрсететін негізгі 4 сала нақтыланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында даму институттарын трансформациялау үдерісі «Бәйтеректің» жұмысына да түзету енгізетінін айтты.
— Даму институттарын трансформациялау жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингінің құрылымында инвестициялық қызмет (Investment Board) құрылды. Осылайша холдинг құрамында 4 инвестициялық бағытты қамтитын дирекция құрылды, — деді ол.
Ол бағыттар:
— Агро-өнеркәсіп кешені;
— Тұрғын үй және құрылыс,
— Тау-кен металлургия кешені, машина жасау, энергетика, мұнай өңдеу;
— Көлік, туризм, цифрландыру.
— Дирекцияның негізгі міндеті өңірлердің экономикадағы басым қажеттіліктерін ескере отырып, жобаларды сапалы дайындауға және оларды Kazakh Invest-ке беруге бағытталады, — деді Арман Қасенов.
Бұған дейін «Бәйтерек» экспортты қолдау мен инвестиция тартуды күшейтетінін жазған едік.