Бәйтерек монументі алаңында халықаралық балалар күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтуде
Аталған мерекенің әлемде тойлана бастағанына 60 жыл толып отырғандығын атап өткен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, «біздің мемлекетіміз балаларды қорғауға, оларды жетілдіруге, қамқорлық жасауға үлкен көңіл бөліп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев балаларға демалуына, балалар бақшасына баруына, мектепте оқуына үлкен жағдайлар жасауда. Оның бір көрінісі қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан - «Балапан» бағдарламасы. «Балапан» бағдарламасының ерекшелігі - мектепке дейінгі балаларды түгелдей балалар бақшасымен қамтамасыз ету. Осы жақын уақыттың ішінде ғана Астана қаласында Президенттің қатысуымен 10 балабақша ашылды», деді.
Аталған іс-шара барысында елордалық балабақшалардың шығармашылық ұжымдары арасында өткен «Астана шуақтары» фестиваліне қатысушылардың ішінен іріктеп алынған концерттік нөмірлері, сахналық киімдері, билері келушілердің назарына ұсынылды. М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының «Бәйтерек», «Гүлдәурен», «Юность Астаны» сынды шығармашылық ұжымдары да өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ балалар асфальтте сурет салып, ұлттық және спорттық ойындардың көрігін қыздырды. Бүлдіршілердің тілектері жазылған шарларды аспанға ұшыру рәсімі де мерекелік көңіл-күйді көтере түсті.