«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі Гонконгтің іскерлік делегациясымен кездесу өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Жиын Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданы басшысы Джон Лидің елімізге сапары аясында ұйымдастырылды.

e
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Басқосуда инвестициялық ынтымақтастық, бірлескен жобаларды дамыту және экономиканың басым салаларын қаржыландыру бойынша серіктестік мәселелері талқыланды.

e
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Іс-шара шымылдығын «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин ашып, компанияны және оның мемлекет экономикасындағы рөлін таныстырды.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша, холдингтің жалпы активтері 40 млрд АҚШ доллары болды. Өткен жылы «Бәйтерек» ел экономикасына 21 млрд АҚШ долларынан астам қаржы салды. Компания жүзден астам ірі жобаны қаржыландырды. Сондай-ақ, мыңдаған шағын және орта бизнес субъектісі мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау білдірді, – деді ол. 

Ал Гонконг тарапынан кездесуге Гонконгтың алдыңғы қатарлы 70 компаниясының басшылары және материктік Қытайдың 17 провинциясындағы кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, қаржы, логистика, инновациялық технологиялар, жасыл энергетика, тау-кен ісі, биофармацевтика және медиа саласының мамандарды келді.

w
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли өз сөзінде инвестиция екі жаққа да тиімді екенін атап өтті.

s
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

– Төрт жыл бұрын қызметке кіріскенімде, мен Гонконгтың алғашқы инвестициялық корпорациясын құрдым. Ол жемісті, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бірақ Гонконг инвестициялық корпорациясының мақсаты тек қосымша пайда табу ғана емес, біз компания Гонконгтың ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды өндіріс салаларын өркендеткенін қалаймыз, – деді ол.

Ал Гонконг әуежайлары басқармасының басшысы Фред Лам Қазақстанның транзиттік әлеуетіне тоқталды.

e
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

– Біз Қазақстандағы әріптестерімізбен серіктестікті күшейткіміз келеді. Өйткені Қазақстан өте тиімді жерде орналасқан. Еуропа мен Азия арасында, әсіресе, әуе жүк тасымалында зор артықшылығы бар, – деді ол.

Бұған «Бәйтерек» төрағасы Рустам Қарагойшин жауап берді.

– Бүгінде Алматы әуежайында біздің де үлесіміз бар. Нысанның 15%-ы бізге тиесілі. Сол себепті логистика және әуе хабы бағытына біздің де қызығушылығымыз бар, – деді ол.

Келіссөздер нәтижесінде «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Bank of China (Hong Kong) Limited және Invest Hong Kong компанияларымен меморандумға қол қойды. Сондай-ақ «Бәйтерекке» қарасты «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және Standard Chartered Hong Kong арасында меморандум жасалды.

Айта кетейік, Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Қазақстанға тарихта алғаш рет келіп отыр.

Ал Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы былтыр 178,8 млн АҚШ долларына жеткен. Гонконг 2005 жылдан бері еліміздің экономикасына 3,9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Гонконг бірлескен жобалар мен тікелей әуе қатынасын іске қосуды қарастырғанын жазғанбыз.