Байтұрсынұлының табылмаған еңбектері Ольденбург мұрағатында болуы мүмкін – ғалым

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде төте жазумен жарық көрген кейбір ғылыми еңбектері әлі күнге табылмай келеді. Ахметтанушылар оның бір себебін совет заманындағы ғылыми плагиатпен байланыстырады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, ахметтанушы ғалым Айгүл Ісмақова ол сөздің жаны бар екенін айтады.

Байтұрсынұлының табылмаған еңбектері Ольденбург мұрағатында болуы мүмкін – ғалым

Анығында мұндай пікірді ең алғашқылардың бірі болып Сәбит Мұқанов айтқан деген әңгіме бар. Мұны біз сұхбаттасқанда Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, ахметтанушы Райхан Имаханбет те айтып қалды. Тіпті, Ахметтің есімін совет билігінде жылымық орнай қалған жылдары-ақ ақтап алуға мүмкіндік болғанын, бірақ оған плагиатқа әуес ғалымдардың кедергі болғанын С.Мұқанов ашынып жазған көрінеді. Академик Рымғали Нұғалидың шәкірттері де осыған ұқсас естеліктерді айтып, жазып жүр.

Ал Айгүл Ісмақова Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін плагиатқа айналдырған ғалымдарды да ғылыми орта жақсы біледі деп отыр.

«Аға буын ғалымдардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ұрлап пайдаланған жайттар болған. Оны біз білеміз. Нақты деректері бар, бірақ оны айтып жатуды қажет деп таппаймыз, орынсыз болар. Тіпті бізге жеткен «Әдебиет танытқыштың» соңғы тарауы жоқ. Ол да ұрланған. Қазіргі нұсқасында сөйлемі аяқталмай қалған. Қазір сол күйінде шығарып жүрміз ғой. Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ахаңның «Мәдениет тарихы» деген кітабы шыққанын жазады. Міне, сол кітап та әлі күнге дейін жоқ, табылған емес. Ал Әлімхан Ермековтің Жайық Бектұровқа айтуы бойынша, «Мәдениет тарихы» баспадан 1923 жылдың маусымында шыққан», - дейді ғылым докторы.

Дегенмен, ғалым ол кітап Ресейден табылып қалуы мүмкін деген үмітке көбірек сенеді.

«Осы кітаптың («Мәдениет тарихы»-ред.) бір экземплярын мен арқылы Мәскеудегі Әлиханға жіберді. Екінші экземплярын менің көзімше Бадрисафаның қызыл көрпесінің астына жасырды», - деп жазады Әлімхан Ермеков. Бәрін тәркілеп, өртегеннің өзінде осы екі дана сақталуы керек еді. Әлихан Бөйкехановтың жеке кітапханасы Сергей Ольденбург деген масондық ложа мүшесіне берілген. Ол кісі мен Әлихан Ресей географиялық қоғамының мүшесі болған. Қазір оның ұрпағы Америкада тұрады. Егер солар Ресейге келсе, Ольденбургтың мұрағатын бірге барып ақтаруға болады. Өздері келмесе, бізді ол мұрағатқа ешкім де жолатпауы мүмкін»,-дейді Айгүл Ісмақова.

Айта кетейік, 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толды.

Айгүл Ісмақованың А.Байтұрсынұлы мұрасы мен қазақ тілінің қазіргі проблемасы туралы ойын бүгін сайтымызға жарияланатын сұхбаттан оқи аласыздар.