БАЙЗАҚ БАТЫР
Байзақ Мәмбетұлы, Байзақ датқа (1789-1864) - қазақ батыры, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі Қоқан хандығына және Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі.
Ұлы жүздің Дулат руынан шыққан. Байзақ Мәмбетұлы туған өлкесі Қоқан хандығына да, Ресейге де қарамай тұрған тәуелсіз кезде ер жетіп, ел басшысы ретінде қалыптасқан. Байзақ батыр Тараз аймағында елді отырықшыландыруға көп күш жұмсаған. Оңтүстік өңірді Қоқан хандығы басып алғаннан кейін, сұлтан Рүстем Асфендиярұлы бастаған көтеріліске қатынасады. Көтерілісшілер қатты жазаланса да, Байзақ батыр беделді адам ретінде, өз руластарына датқа болып тағайындалады. Байзақ датқа Қоқан отаршыларының айтқанына көнбей, қазақтардың мүддесін қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізуге ұмытылады. Отаршыларға қарсы күресте Кенесары Қасымұлының сенімді серігі ретінде әйгілі болады. Оның сарбаздары Кенесары Қасымұлының қолына қосылып, Қоқанның бірнеше бекінісін басып алып, Созақ аймағын азат етуге қатысқан.
Байзақ батыр 1858 жылы Қазақтар мен қырғыздардың Қоқан хандығына қарсы көтерілісіне басшылық жасаған. Патша генералы Колпаковскийдің әскеріне қарсы Алматыға жақын Ұзынағашта болған соғыс қимылдарына өз қолымен келіп қатысқан. Әкесі Мәмбет пен Абылай ханның өсиетін ұстап, қазақтың «арқасын тамға, аузын нанға сүйеу» жолында өмір бойы еңбек етті. Жергілікті халықты егіншілік кәсіпке үйрету үшін кезінде 160 шақырым канал қаздырған. Оның игілігін Әулиеата (қазіргі Тараз) төңірегіндегі халық күні бүгінге дейін көріп отыр. Байзақ датқа Қоқан хандығының әкімі Әлімқұлдың бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылды. Оның быт-шыты шыққан денесінен қалғаны Талас өзенінің жағасындағы Сарыкемер ауылының маңына жерленген.
Байзақ батыр Мәмбетұлының есімі Жамбыл облысының ауданына берілген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том.