Базалық мөлшерлеме, мұнай бағасы және инфляциямен не болады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Базалық мөлшерлеме, инфляция және мұнай бағасымен не болады
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.

Мұнай бағасы және экономиканың өсімі

Мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары 2025 жылға аздап төмендегенімен, 2026 және 2027 жылдарға – өсті. Аналитиктер барлық болжамды кезеңде мұнай бағасы баррель үшін 68,5-69 АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтеді.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар барлық болжамды кезеңде біршама жақсарды. Осылайша, 2025 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжам 5%-дан 5,1%-ға, 2026 жылға – 4,5%-дан 4,6%-ға, ал 2027 жылға – 4,3%-дан 4,5%-ға дейін жоғарылады.

Инфляция және базалық мөлшерлеме

Инфляция бойынша аналитиктердің болжамы болжамдық кезеңде әртүрлі бағытта өзгерді: 2025 жылға – медиана 10,7%-дан 11%-ға дейін өсті, 2026 жылға – 9,4%-дан 9%-ға дейін төмендеді, 2027 жылға – 6,8%-дан 7%-ға дейін өсті.

Респонденттер базалық мөлшерлеме 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейде сақталады деп күтеді – медиана 16,3%-дан 16,5%-ға дейін өсті. 2026 жылға болжамдар 14,5%-дан 14%-ға дейін, 2027 жылға – 12%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді.

Сауалнамаға Қазақстанда макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді. Макроэкономикалық сауалнамаға қатысушылар құрамы Alatau City Bank Analytics сарапшыларымен толықты.

Атап өтетін жайт, макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық банктің болжамдары көрсетілмейді. Ол – қазақстандық және әлемдік нарықтағы жағдайдың дамуына қатысты кәсіби нарық қатысушыларының тәуелсіз пікірі, бағалаулары мен күтулерінің жиынтығы ғана. 

Соңғы жаңалықтар