Базалық мөлшерлеме төмендегенде теңгенің тағдыры қандай болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 11%-дан 10,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Енді екінші деңгейлі банктерге берілетін қарыз арзан пайызбен таратылады. Нарықта арзан ақша пайда болуы несиеге деген сұранысты арттырары сөзсіз. Ал, ипотека нарығында пайыздық мөлшерлеме төмендей ме? ҚазАқпарат тілшісі мұндай қадамның теңгенің тағдырына қалай ықпал ететінін жергілікті және шетелдік сарапшылардан сұрап білді.

Базалық мөлшерлеме төмендегенде теңгенің тағдыры қандай болады

Қазақстандық сарапшы, «Resmi» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мажибаев аталған прайм-рейт қаржы нарығында ерекше толқу туғызбайды деп отыр. Алайда қысқа мерзімде теңгенің әлсіреуіне әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, алыпсатарлар нарықта теңгенің әлсіреуіне қарай ойнайды. «Әдетте базалық ставканы төмендету Орталық банктердің мүмкіндіктерінің жақсаруының салдары болып келеді. Өйткені, одан кейін міндетті түрде нарықтағы іскерлік тұтынушылық белсенділік жандана түседі. Яғни, Ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені аз пайызбен бере бастайды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік белсенділікті арттыра ма жоқ па ол мәселе Ұлттық банктің межелеген жоспарына байланысты. Егер, қаржылық реттеуші базалық ставканы одан ары да 5 пайызға дейін төмендететін болса, онда бұл сөз жоқ елдегі сауда мен инвестициялық белсенділікті арттырады. Әзірге бірдеңе деп айту қиын. Нарыққа арзан ақшаны лақтыру, теңгенің әлсіреуіне әкелері сөзсіз. Ұлттық валюта алыпсатарлардың шабуылына тап болуы ықтимал», - деді Қ.Мажибаев.

Ал банк саласының мамандары базалық ставканы азайтудың теңге бағамына әсері болмайды деп санайды.

«Базалық ставканы төмендету теңге бағамына оншалық әсер ете қоймайды. Базалық ставка екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың депозиттер мен несиелерін қаржыландыру құнына ықпал етеді. Теңге бағамы көбіне мұнай мен шикізат құнына тікелей байланысты болмақ. Айта кету керек, соңғы уақытта теңге бағамы еркін жіберілгелі бері тұрақталып келеді.

Ал, ипотекалық несие нарығына келсек, бұл нарыққа әлеуметтік, экономикалық, қаржылық факторлар әсер етеді. Еркін өтімділік болғаны ешқашан артық етпейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2016 жылдың наурызында базалық ставка 17%-дан 13%-ға азайғанда, нарықта айтарлықтай өзгеріс болған жоқ», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова.

Еуропалық сарапшылар керісінше, теңге қымбаттап, доллар әлсіреуі мүмкін деп санайды. «Теңге қымбаттауы мүмкін. Өйткені дамып келе жатқан нарықтарда сауда мен мәмілелер доллардың әлсіреуіне байланысты қызық болып отыр. Бұл әлемдік өтімділіктің басты факторы. Ставкаларды азайту экономиканы жандандырудың бір тәсілі», - деді Saxo Bank инвестициялық банкінің бас валюталық стратегі Джон Харди.

Айта кету керек, Қазақстанда базалық ставка 10,5 процентке дейін төмендеді. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені симметриялы +/-1% пайыздық мөлшерлеме дәлізімен 11%-дан 10,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.