«Базарда жалған ақша жүр» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 қазан, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша заң жобасын қарау аясындағы автоөнеркәсіп мәселелері туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Оған Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев қатысып, жаңа заңның тиімді тұстары жөнінде әңгімеледі.
Аталған заң Мәжілісте қаралғанда кейбір тұстары жөнінде қоғамда пікірталастар мен түсініспеушіліктер орын алғанын айтқан вице-министр, осы мәселені халыққа жатық түсіндіріп беру үшін баспасөз мәслихатына келіп отырғандарын жеткізді. «Бәріңізге белгілі, қазіргі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында және еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғандықтан бірқатар заңдарымызды жетілдіріп, қажет жеріне түзетулер енгізу керек болып жатыр. Пайдаланылған автокөліктерді жылына қарай тіркеу шарасы да осы себептерге және еліміздің экологиялық тазалықтарына, сондай-ақ, жол қауіпсіздігіне орай жасалуда екені мәлім. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар дамыған елдерінде бар», деді ол.
Ескі көліктердің зияны мен жол қауіпсіздігі жайына кеңінен тоқталған спикер, Қазақстанда 3 жылдан астам уақыт жүрілген көліктерді тіркеу алымы 500 айлық есептік көрсеткішті құрайтынын нақтылады. Негізі, бұл шара өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заң қабылданғаннан кейін ғана қолданылады. Жоғарыда айтқанымыздай, Мәжілісте қаралған заң жобасы мақұлданған. Қазір ол Сенат қарауына жіберілген. «Жетілдірілген заң қабылданған жағдайда автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін алымға өзгерістер енгізу және автокөліктерге экологиялық талаптарды бекіту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнде елімізде автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін алым 0,25 есептік көрсеткішті құрайтыны белгілі. Бұл шамамен 500 теңгедей болады.
Жаңа заң қабылданған соң жаңа автокөліктерді тіркеу үшін алынатын алым бұрынғы баға, яғни 0,25 есептік көрсеткіш мөлшерінде қала береді. Ал 1-3 жыл аралығында пайдаланылған көліктерге қойылатын бір реттік алым 50 есептік көрсеткіш болса, 3 жылдан асқан көліктерге алым 500 есептік көрсеткішке жетеді. Ал автобустар мен жүк көліктеріне алым одан да қымбат болады. Бұл шара ДСҰ тарапынан рұқсат етілген балама ретінде енгізілмек. Жоғарыда айтып өткенімдей, бірқатар елде осындай алым жүйесі бар. Нақтырақ тоқталар болсам, Венгрия, Дания, Болгария мен тағы бірнеше елде осындай алым түрі жұмыс істейді. Осы мемлекеттердің барлығында бір реттік алым көліктің шығарылған жылына қарай алынады. Заңға енгізілетін өзгерістің екінші тиімділігі - мінілген көліктерді Қазақстанға әкелу айтарлықтай азаяды», деді А.Рау. Бұл жайында « Ескі көліктерді тіркеу қымбаттайды » деген мақалада толық берілген.
Бас басылымда «Жұлдызды қалашықтағы» қауышу» атты мақала көпшілік назарына ұсынылған. «Жұлдызды қалашық» үшін мұндай жүздесулердің таңсық болмай қалғаны бірден байқалды... Баспасөз мәслихатында журналистер ғарышта ең көп уақыт болған адамзат өкілі - рекордшы ресейлік ғарышкер Геннадий Падалканы сұрақтың астына алды. Тіпті, оның «ғарыш азаматына» айналған жайы сауалдардан тыс қалып, Марс сапары туралы сөз қозғалды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлем астронавтикасында Марсқа сапар шегетін үміткерлер жасақталу үстінде. Оның ең басты ерекшелігі сапар тек бір бағытты болады. Жобаға қатысушылардың бейбіт мақсаттағы жапондық камикадзелерді еске түсіретіні де сондықтан...
Осы орайдағы сауалға ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка былай деп жауап қайтарды: «Мен мұндай үміткерлерден еліміздің ғарыш сапарына дайындық жасайтын саласы ерте бастан-ақ бас тартқанын айтар едім. Өз басым бір бағыттағы сапар тізіміне жазылғандарды психикасы тәуір жандар деп есептемеймін...».
Осыған орай қазақ елінің ғарышкері Айдын Айымбетовтің сенімді жауабы былай шықты: «Мұндай сапар қай ғарышкердің де болмасын - арманы. Мен де Марсқа бір бағыттағы сапар туралы көп ойланғанмын. Марс - қай ғарышкердің арманы екені анық, алайда, маған салса бұл сапардың әрі және бері болғанына келісім берер едім». Даниялық астронавт сыр ашпады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айында республикада Қылмыстық кодекстің 231-бабы бойынша (заңсыз ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) 2 349 қылмыс тіркеліп, оның 338-і сотқа жіберілген екен. Ал өткен жылдың осы уақытында 1 153 қылмыс тіркеліп, оның 814-і сотқа жіберілген болатын. Осыған қарап соңғы жылы ел ішінде фальшмонетшілердің 2-3 есеге көбейгенін көруге болады. Бас прокуратура жүргізген талдау барысында мұндай деректердің басым бөлігі Алматы (1 376), Астана (404) қалалары мен Павлодар (101), Қарағанды (89) және Шығыс Қазақстан (102) облыстарында тіркелген. Бас прокуратура 2-департаментінің қызметкері Дәулет Тілеубаевтың айтуынша, ақша бірліктері жүйесін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау саласындағы қылмыстық жағдай күрделі күйінде қалуда және олардың жасырын болуы салдарынан ашылу деңгейі төмен болып отыр (қысқа мерзім ішінде ақша иесі бірнеше рет ауысуы мүмкін). Жалған ақша жасау әдетте жан-жақты дайындалып, терең құпияда ұсталатын, қылмыскерлер үнемі сақ жүріп, сәл ғана қауіп сезілсе жұмыстарын уақытша тоқтата қоятын қылмыс түріне жатады.Мұндай қылмысты ашу көп жағдайда кәсіпкерлер мен банк жүйесі қызметкерлерінің купюраның табылғандығы туралы уақтылы хабарлауына, жалған ақша қаражатын өткізген әрбір жер бойынша құқық қорғау органдарының тез арада әрекет етуіне байланысты. Бұл жайында « Базарда жалған ақша жүр» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда « Жердің жайы не болмақ? » деген мақала жарияланды. Өткен аптада Парламент Сенатында мақұлданған «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы көпшілік арасында қызу пікірталас тудырды. Жаңа заң жобасы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында жерді тиімді пайдалану үшін оны аукцион арқылы жекеменшікке сату көзделеді. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, заң жобаның негізгі мақсаты-ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру тетігін енгізу арқылы, оларды тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету. Осы орайда мамандардың пікірін білу үшін газет ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рахымжан Елешев пен сенатор Қуаныш Айтахановқа сауал қойған екен.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Атажұрттағы қауышу» атты мақала берілген. «Қазақ газеттері» ЖШС-нда шетелде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерімен басқосу өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерін қазақстандық қоғаммен ақпараттық жұмыс жүргізу үшін жұмылдыру» атты жоба бойынша шетелден келген қазақтар ел-елде үлкенді-кішілі кездесулер өткізіп, елдік, ұлттық мәселелерді талқылап келе жатқанын айта кету керек.
«Жобаның іске асуына халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры мұрындық болып отыр. Кездесуге сонау Франциядан ат арылтып Халифа Алтайдың ұлы Абдулсәмет Алтай, Германиядан Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулқайым Кесіжі, Германиядағы «Қазақ мәдени орталығының» төрағасы Шұғайып Ерол, меценат Сүлейман Шадкам, Моңғолиядан этнограф ғалым Құндыз Бахатрысбай, Ресейден Мәскеудегі «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова, Сауд Арабиясынан келген кәсіпкер Харун Хұдаяр және еліміздегі шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей, жыршы-күйші Әбіш Әділбеков, суретші Камила Жапалова және «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдардың бас редакторлары қатысты»,-деп жазады басылым.