«Базарлық» атауымен шетел жазушыларының әңгімелерін топтастырған жаңа жинақ жарық көрді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызыл мұқабасы көркем безендірілген, 25 баспа табақ көлеміндегі бұл жинақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің арнайы бағдарламасы аясында шығып отыр. Көлемді кітапқа енген шетелдік қаламгерлердің үздік туындыларын қазақ тіліне жазушы Қуанышбай Құрманғали тәржімалаған.
Бірінші бөлімде Армения, Әзірбайжан, Беларус, Литва, Молдова, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Украина, Эстония елдерінің атақшы жазушыларының қысқа да мағыналы әңгімелері енген. Шетел қаламгерлерінің балаларға арналған әр алуан тақырыпты қамтитын көркемдігі келіскен, сюжеті қызықты, кейіпкерлері шынайы суреттелген туындылары оқырманын бірден ой тереңіне тартып әкетеді. Бұл шығармалардан өскелең ұрпақ алар тағылым мен тәрбие мол екені анық.
Екінші бөлімге орыс, словен халықтарының ертегі-аңыздары және Ханс Андерсеннің әйгілі ертегілері топтастырылған.
Бұл жинақты шығарушылар кітаптың «Базарлық» аталуының да үлкен мәні бар екенін жазған. Яғни, осы кітап шетел жазушыларының қазақ жеткіншектеріне жасаған рухани тарту - базарлығы болып есептеліп тұр. Кітаптың таралымы екі мың дана.