Bek Air артында қандай ықпалды адам тұрса да әділдік салтанат құруы тиіс — Бозымбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Bek Air ұшағы апаты кезінде қаза тапқан адамдардың туыстары өтемақы алуы тиіс. Бұл туралы Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

ұшақ
Фото: ҚР Бас көлік прокуратурасы

Іс-шара барысында БАҚ өкілдері вице-премьерден: «қаза тапқан ұшқыштардың туыстарына зардап шеккендерге өтемақы төлеуді міндеттеу қаншалықты әділ болмақ? Бірнеше жыл өткеннен кейін тергеуді қайта бастау не үшін қажет? Нені анықтағысы келеді?» деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген Үкімет басшысының орынбасары ұшқыштардың туыстарына өтемақы төлеуді міндеттеу қаншалықты әділ не әділ еместігін сот шешуі тиістігін баса айтты.

— Мүмкін бұл ұшқыштардың кінәсі де емес шығар. Тергеу соңғы нүктесін қоюы тиіс. Өте көп адам қаза тапты. Менің жеке пікірім, Bek Air артында қандай ықпалды адамдар тұрса да әділдік салтанат құруы тиіс. Адамдар туыстары қаза тапқаны үшін өтемақы алуы қажет, — деді Қанат Бозымбаев.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соқтығысқан. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.

Ал 31 тамызда Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Bek Air ұшағының апатына байланысты қылмыстық іс қайта қозғалғанын растады.

Соңғы жаңалықтар