Bek Air соты: адвокат Алматы әуежайы мен Азаматтық авиация комитеті қызметкерлеріне айып тақты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты сот жарыссөзі жалғасып жатыр.

Bek Air отменил продажу двух самолетов Fokker-100
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Түрксіб аудандық сотындағы айыпталушылар орындығы бос тұр. Себебі іс бойынша айыпталушылар ретінде көрсетілген ұшқыштар – Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаев апат кезінде қаза тапқан. Бұған дейін сотта прокурор Айдос Палманов ұшақ апатына әуе кемесін басқарған ұшқыштар кінәлі екенін айтты.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Халиков қаза тапқан ұшқыштарды ақтап, олардың орнына «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады. Оның айтуынша, әуежай қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы апатқа себеп болған.

Fokker-100 ұшағы әуежайдың қоршауынан небәрі тоғыз метр қашықтықта орналасқан ғимаратқа соғылған. Оның салдарынан 12 адам көз жұмды. Адвокат санитарлық-қорғау аймағындағы заңсыз құрылыстар уақтылы анықталып, жойылған болса, ұшып-қону қауіпсіздігі қамтамасыз етілген боларын атап өтті.

Сонымен қатар ол ұшаққа мұздануға қарсы сұйықтықты жағу кезінде де өрескел бұзушылықтар болғанына тоқталды. Оның пікірінше, бұл да апатқа әсер еткен болуы мүмкін.

— Жиналған дәлелдер жиынтығы Қылмыстық кодекстің 254-бабында (Мiндеттерiне адал қарамау) көзделген құқық бұзушылық белгілерін көрсетеді, — деді адвокат.

Сондай-ақ Нұрлан Халиков алдын ала тергеудің сапасыз жүргізілгенін және прокурор тарапынан қадағалаудың жеткіліксіз болғанын атап өтті. Ол соттан осы жөнінде жеке қаулы шығаруды өтінді.

Жәбірленушілердің тағы бір адвокаты – Сергей Державец те бұл ұстанымды қолдады. Оның сөзінше, тергеу барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол берілген, ал Алматы әуежайы мен Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің кінәсі бастапқыдан-ақ айқын болғанымен, олардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілмеген.

Ол соттан ұшқыштарды Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша ақтауды және Алматы әуежайы мен Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты материалдарды жеке өндіріске бөлуді сұрады. Қорғаушылар пікірінше, олардың іс-әрекетінде 254-бап (Міндеттеріне адал қарамау) және 351-бап (Көлiктiң қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар.

Бұған дейін сотта Bek Air ұшақ апатының себебін дәлірек анықтау үшін жасанды интеллект сараптамасын пайдалану ұсынылды.

Сондай-ақ сот Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.

2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты әуежай маңындағы жер учаскелерін заңсыз сатқан бұрынғы шенеуніктер мен риэлторға қатысты үкім шығарды.

Соңғы жаңалықтар