Бекет атаға зиярат жасауға келген бір топ адам қалың қар құрсауынан құтқарылды

АҚТАУ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысында Бекет Ата басына зиярат етуге келіп, қалың қардың құрсауында қалып қойған бір топ адам құтқарылды.
None
None
Бір аптадан бері ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты ауылдарына жете алмай жатқан 20 кісінің көбі Ақтөбе, Атырау қалаларынан келгендер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.Бұған дейін де бұл адамдарды алып келуге екі рет арнайы көлік бөлінген болатын. Алайда, қалың жауған қардан өте алмаған техника кері қайтарылған. Енді олар Бекет Атаның басынан тікұшаққа отырғызылып, Жаңаөзен қаласынан Ақтау қаласына қарай қатынайтын көлік бекеттеріне жеткізілді. Ал, адамдарды Атаның басына апарған жолаушы көліктерінің жүргізушілеріне ауа-райы түзелгенше күте тұруға тура келеді. Мамандар Бекет Ата, Шопан Ата басына баратын жолдың әлі де қауіпті екендігін ескертеді.«ҚР ТЖМ Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті ауыл-аудан тұрғындарына, алыс жолға шығуға қамданған өзге де азаматтарға сапарларын кейінге қалдыруды ескертеді. Өйткені, жаңа жыл қарсаңында жауған қар әлі де саябырсымай тұр. Және бұл құбылыс ай соңына дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан да адамдардың басын қатерге тікпегендері абзал. Кешегі құтқарылған адамдар «жолға шықпаңдар» деген ескертуге қарамаған. Бір қуанарлығы, «ЕуроАзияЭйр» АҚ-ның тікұшағымен бұл адамдар аман-есен автобус бекетіне жеткізіліп, үйлеріне қайтарылды», дейді Маңғыстау облыстық ТЖД-нің баспасөз хатшысы Гүлнар Қожабекова.
Соңғы жаңалықтар