Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бекітілген бюджет Елбасы жолдауында жүктелген міндеттерді толық жүзеге асыруға жол ашады

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ел Парламенті Үкімет ұсынған «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына енгізілген өзгерістерді қабылдады. Бұның өзі Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға түбегейлі қадам жасалғанын білдіреді.

Бекітілген бюджет Елбасы жолдауында жүктелген міндеттерді толық жүзеге асыруға жол ашады

Ендігі күні Президент аталған құжатқа қол қойып, күшіне енгізгеннен бастап, Үкімет оның атқарылуын қамтитын қаулыларды қабылдайтын болады. Сөйтіп, өзгерістердің басым бөлігі Президент Жолдауына қатысты болып табылатын ағымдағы жылдың қаржы құжаты елдің әлеуметтік дамуына серпін беріп, өмір сапасын арттырудың жаңа деңгейіне әсер етпек.

Ал заң аясында қамтылған бағыттарға келсек, құжат негізінен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы макроэкономикалық көрсеткіштерінің 2012 жылға арналған нақтыланған болжамы негізінде әзірленген. Нақтыланған болжамға сәйкес, жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2012 жылы 6 пайыз деңгейде бағаланып отыр. Бюджетті қалыптастыруға негіз болған көрсеткіштер бойынша мұнайға әлемдік орташа бағаның болжамы бір баррелі үшін 90 долларға бекітілді. Ал инфляция жылдың аяғына дейін 6-8 пайыз дәліздік шамада сақталатын болады.

Осындай елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерін қалыптастырудан бөлек,  басым емес шығыстарды қысқарту, сосын бюджеттің былтырғы қалдығын тарту есебінен 2012 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланып отыр.

Нәтижесінде 2012 жылға арналған республикалық бюджет түсімдерінің нақтыланған болжамы 5 трлн. 236,9 млрд. теңге сомасында айқындалып отыр. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша - 144,6 млрд. теңгеге, салықтық емес түсімдер бойынша - 172,1 млрд. теңгеге ұлғайып, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша  10,6 млрд.  теңгеге азайтылған. Ал бюджет тапшылығы былтыр бекітілген бюджетке қарағанда 21,3 млрд. теңгеге ұлғайып, 779,8 млрд. теңгені құрайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызына тең.  Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 180,0 млрд. теңге сомасында кепілдендірілген трансферт тартылса, Президент Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, экономикалық өсімді және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етпейтін, 20,0 млрд. теңге шығыстар оңтайландырылады.

Ал 2012 жылғы бюджеттің шығыстары 6 трлн. 016,8 млрд. теңге сомасында айқындалды. Осыған орай, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында бірқатар бағыттарға қосымша қаражат бөлінеді. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша барлығы - 11,8 млрд. теңге көзделеді. Бұл қаражат негізінен азаматтарды оқыту мен жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді дамытуды мемлекеттік қолдауға бағытталатын болады. Жалпы сарапшылар Президент Жолдауынан туындаған осынау кешенді шараларды мемлекеттің дағдарысқа қарсы сауатты әрекеті ретінде де қарастырып отыр.

Елбасы жүктеген екінші маңызды бағыт «Қолжетімті тұрғын үй» бағдарламасы болатын. Өткенде Үкімет мақұлдап, жүзеге асыруға бекініп отырған осы жаңа бағдарламаны жүргізуге биылғы бюджеттен барлығы 36,0 млрд. теңге қарастырылады. Қаражат өңірлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жайластыруға, мемлекеттік тұрғын үй қоры баспаналарын салуға жұмсалады.

Ал өңірлерді, аумақтарды, қалалық агломерациялар мен моноқалаларды дамытуға  66,9 млрд. теңге жұмсалмақ. Оның ішінде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын дамытуға  4,2 млрд. теңге қарастырылған. Аталған қаражат 2012-2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, электрмен жабдықтау және сумен жабдықтау жүйелерін, жылу желілерін кеңейтуге және реконструкциялауға,  білім беру мен денсаулық сақтау объектілерін салуға және құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша шараларға бағытталмақ.

Тағы бір маңызды сала - ауыл шаруашылығына қосымша 5 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға (446 ветеринария мамандарына) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер бөлу үшін - 1,2 млрд. теңге, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге - 1,8 млрд. теңге,  асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға - 2 млрд. теңге көзделеді.

Индустриялық-инновациялық даму саласына қосымша 15,1 млрд. теңге қарастырылады. Оның аясында индустриялық инфрақұрылымды дамытуға және «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкер-инноваторлардың жобалары үшін қарызды  кепілдендіру үшін - 7,9 млрд. теңге көзделіп отыр.   «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайту 6 млрд. теңге сомасында қаражат қарастырылған. Бұл қаржы негізінен 2 теміржол (Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл) және газ құбыры (Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана) құрылысы бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірлеуге бағытталады.

Жолдаудың әлеуметтік бағдарын қамтитын саланың бірі - Қазақстандағы адам капиталының сапалық өсуі. Бұл бағытты іске асыру үшін бекітілген бюджетте қосымша 39,1 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр. Оның ішінде білім беру саласына  қосымша 13,1 млрд. теңге бөлінбек. Бұл ретте Елбасы жүктеген тапсырмалар шеңберінде жоғарғы оқу орындары мен колледждерге жатақхана салуға -  2,3 млрд. теңге,  ілгері ғылыми зерттеулерді жүргізуге және отандық ғалымдарды қолдауға  - 3,3 млрд. теңге, педагогикалық мамандықтар бойынша дайындықты жүзеге асыратын жоғарғы оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру жүйесін құруға - 184 млн. теңге жұмсалады. Ал денсаулық сақтау саласының қосымша шығысы шамамен 18,6 млрд. теңгені құрайтын болады. Онда  Қазақстанда 2012-2014 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын әрі қарай іске асыруға - 5,7 млрд. теңге бөлу жоспарланған.  «100 аурухана» және «350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емхана» шеңберінде денсаулық сақтаудың 18 объектісін салуға - 12,8 млрд. теңге бөлу көзделеді. Бұдан бөлек, «Назарбаев Университеті» Дербес білім ұйымын дамытуға қосымша 6,8 млрд. теңгедей бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде  «Болашақтың госпиталін» құруға - 4,7 млрд. теңге, «Назарбаев Университеті» базасында инновациялық-зияткерлік кластерді қалыптастыру үшін инфрақұрылымды дамытуға - 1,7 млрд. теңге қарастырылады.

Бұдан бөлек, бюджет заңнамасында Еуразия экономикалық комиссиясы мен «Астана - Достастықтың 2012  жылғы елордасы» және «Астана  -  түркі әлемінің 2012 жылғы мәдени  елордасы» жылына орайластырылған әлеуметтік маңызы зор, мәдени-рухани іс-шаралар кешеніне үлестік жарна төлеуге жалпы сомасы 2 млрд. теңге қаражат көзделіп отыр.