БЕКМҰХАМЕДОВ ШАВКАТ МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ

1903-1912 жылдары Астрахан ерлер гимназиясында, 1912-1917 жылдары Қазан университетінің заң факультетінде оқыған. Қазан университетінде оқып жүрген кезінде студенттер қозғалысына қатысқаны үшін оқудан шығарылып, қайта алынған. Бекмұхамедов Шавкат 1916-1917 жылдары тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көмектесу мақсатында қазақ зиялыларымен бірге Беларусьте болды.
1917 жылы 2-6 сәуір аралығында Бекмұхамедов Шавкат Орынбор қаласында Орал, Ақмола, Семей, Сырдария облыстарының және Бөкей ордасының өкілдері қатысқан Торғай облысы қазақтарының съезінде төралқа хатшысы, ал 1917 жылы 21 сәуірінде өткен Бөкей ордасының болыстары съезі төрағасының орынбасары болған.
Бөкей ордасының алғашқы жер комиссары және губерниялық жұмысшы-шаруа, қызыл-әскерлер Кеңесінің төрағасы. 1918 жылы әскери комиссардың орынбасары қызметін атқарған. 1919 жылы қарашадан Қазақ революциялық комитетінің мүшелігіне, 1921 жылы қыркүйекте ІІ Жалпықазақтық кеңестер съезінде Әділет халық комиссариаты құрамына сайланған.
Бекмұхамедов Шавкат Қазақ автономиясының алғашқы заң актілерін дайындауға көп еңбек сіңірген. Қазақ АКСР-і Конституциясын әзірлеу комиссиясының мүшесі болды. Кейіннен түрлі мемлекеттік кеңес жұмыстарын атқарып, жоғарғы оқу орындарында сабақ берген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том.