«Бекіре – 2025»: Атырау облысында 1 сәуірден бері 311 келі бекіре тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 1 сәуірден бері заңсыз айналымнан 1 тонна 637 келі балық өнімдері тәркіленді. Оның ішінде 311 келі бекіре тұқымдас балық бар.

тәркіленді
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері 1 сәуірден бері браконьерлік іс-әрекеттің, бекіре тұқымдас және басқа балық түрлерін заңсыз аулауға қатысты 101 деректі анықтаған.

– «Бекіре – 2025» кеңауқымды балық қорғау акциясы аясында заңсыз айналыммен байланысты 101 құқық бұзушылық тіркелді. Ал 6 іс құжаты бойынша күдіктілердің іс-әрекетінде қылмыс құрамы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық бұзушылардан 1 қайық, 26 тор құрал, 1 тонна 637 келі балық өнімдері тәркіленді. Оның ішінде 311 келі бекіре тұқымдас балық пен 2 келіден астам бекіре балығының уылдырығы бар, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тәркіленген бағалы бекіре балық зауытына тапсырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Бекіре – 2025» акция басталғалы браконьерлерге 5,6 млн айыппұл салынғанын  жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар