Бекіре қорын сақтау үшін Жайыққа миллионнан астам шабақ жіберілді

АСТАНА.KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мекемесі ағымдағы жылға арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 1 миллионнан астам шабағын жіберді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Бекіре қорын сақтау үшін Жайыққа миллионнан астам шабақ жіберілді
Фото: АШМ

Бұл жұмыс популяцияны жасанды жолмен молықтыруды қамтамасыз ету және Қазақстанның Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық міндеттемелерін орындау мақсатында жүзеге асырылды.

Бекіре қорын сақтау үшін Жайыққа миллионнан астам шабақ жіберілді
Фото: АШМ

Атырау бекіре балық өсіру зауыты бекіре тұқымдас балықтарды өсімін молайту мақсатында табиғи мекендеу ортасынан аулауды жүзеге асыратын мемлекеттік монополия субъектісі.

Қолданылып отырған биотехнология басқа балық өсіру кәсіпорындарында бекіре өсіру үшін пайдаланылатын әдістерден ерекшеленеді, бұл шығарылатын шабақтардың өміршеңдігі мен табиғи ортаға бейімделу деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етеді.

Бекіре қорын сақтау үшін Жайыққа миллионнан астам шабақ жіберілді
Фото: АШМ

— Атап айтқанда, өсіру тоғандарында өсіру әдісі табиғи жағдайларға барынша жақын болып табылады, себебі ол табиғи қоректік базаның болуын; шабақтардың өз бетінше қоректену дағдыларының қалыптасуын; жыртқыштар мен құстар тарапынан болатын қауіп-қатерге барабар жауап беруін; тіршілік етуге қажетті мінез-құлық тетіктерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді, — делінген хабарламада.

Осылайша, тоған жағдайында өсірілген шабақтар қоректі өздігінен табады, температуралық және гидрологиялық өзгерістерге жақсы бейімделеді және табиғи су айдындарына жіберілгеннен кейін өміршеңдігі едәуір жоғары болады.

Бекіре қорын сақтау үшін Жайыққа миллионнан астам шабақ жіберілді
Фото: АШМ

2026 жылға арналған бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарымен толықтыру жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау жұмыстары мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және балық шаруашылығы субъектілерінің қатысуымен жүйелі негізде жалғасып жатыр.

Айта кетейік, батыста браконьерлерден 8 тоннадан аса балық пен 10 келі уылдырық тәркіленді.