Бектенов әкімдерге автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуды жеделдетуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Өңір әкімдіктері 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жергілікті жолдарды толық паспорттауды аяқтауы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Олжас Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Автомобиль жолдарын нормативтік жағдайда күтіп-ұстау үшін автожол жобаларын іске асырудың цифрлық мониторингін қамтамасыз ету керек. Өңір әкімдіктері 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жергілікті жолдарды толық паспорттауды аяқтасын. Сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуды жеделдетсін. Іске қосылатын «E жолдар» жүйесі жолдардың жағдайын есепке алу, ақауларды тіркеу және жұмыстардың орындалуын онлайн-режимде бақылау құралы болуға тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы саласында халықаралық стандарттарға сәйкес электрондық құжат айналымына көшуді жеделдету қажеттігіне назар аудартты. 

– Бұл деректерді өңдеу жылдамдығын арттырып, бизнес пен шетелдік серіктестердің тарапынан сенім мен ашықтық деңгейін жоғарылатады. Көлік министрлігіне Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, 2026 жылдың 1 наурызына дейін «e-Freight» ақпараттық жүйесімен кешенді интеграцияны аяқтауды тапсырамын. Аталған шара импорттық және экспорттық декларациялар, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттар бойынша деректердің автоматты түрде берілуін қамтамасыз етеді, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыланды.

Соңғы жаңалықтар