Бектенов: Егіс алқабы бекітілген кестеден 1 гектар артық егілсе, онда оған 1 тамшы да су бермейміз
АСТАНА. KAZINFORM — Облыс әкімдері 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шараларды іске асыруымыз қажет. Облыс әкімдері 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Басты міндет — суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылысын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етсін, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Су ресурстары министрлігіне бекітілген лимиттерден тым көп су беру жағдайларының алдын алуды тапсырды.
— Бұл өте өзекті мәселе. Мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті. Алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта біз 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектар артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандардың шығындары болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Бұны халыққа ашық, үзілді-кесілді айту керек. 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады. Бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселені мен өзім жеке бақылауымда ұстап отырмын. Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктері қажетті су көлемін дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізуі қажет, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, и отырыста Қанат Бозымбаев оңтүстік аймақтарда алдағы вегетация кезеңінде су тапшы болатынын ескертіп, Су ресурстары министрлігі судың «қара нарығын» жою іс-шаралары жоспарын әзірлеуі тиістігін атап өткен еді.