Бектенов елдегі еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін 3 нақты тапсырма берді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында еліміздегі еңбек қауіпсіздігін арттыру мақсатында нақты тапсырмалар берді.

Бектенов елдегі еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін 3 нақты тапсырма берді
Фото: Үкімет

— Қолданыстағы әдістердің тиімділігі төмен болып отыр. Қарапайым қауіпсіздік техникасының талаптары ескерілмей жатады. Еңбекті қорғау шараларын ұйымдастыруда бірыңғай тәсіл, ал ақпараттық жүйелерде өзара байланыс жоқ. Сондықтан бір ғана Еңбек министрлігінің күш-жігері аз болады. Бұл барлық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен кәсіпорындардың бірлесіп атқаратын ауқымды жұмысына айналуға тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Бектенов еңбек саласын цифрландыру бойынша жауапты ведомствоға нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

— Еліміздің қауіпті өндірістік объектілеріндегі жарақат алу жағдайларын анықтау мен есепке алу бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялауды осы жылдың 1-ші қарашасына дейін аяқтауды тапсырамын. Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші желтоқсанына дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз етсін, - деді Премьер-министр.

Одан бөлек еңбек қауіпсіздігін арттыру шараларын күшейту мақсатында мынадай 3 тапсырма берді:

  • Бірінші, Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруын болдырмау бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі қажет.
  • Екінші, Өнеркәсіп министрлігі жұмыс берушілермен бірге жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздікті және еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз етсін. 
  • Үшінші, Төтенше жағдайлар министрлігі осы жылдың соңына дейін кәсіпорындарға өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізсін,- деді ол.

Тапсырмалардың орындалуын бақылау Ермек Көшербаевқа жүктеледі.

Айта кетейік, елімізде еңбек қауіпсіздігі мамандарын даярлайтын оқу орталығы ашылады.

Соңғы жаңалықтар