Бектенов ҚазМұнайГаз басшысына отандық технологияға көбірек қаржы жұмсауды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM –Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновке отандық технологияларға көбірек қаржы жұмсауды тапсырды.
Бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов компания басшысынан: «Барлау, өндіру, өңдеу бағыттарында енгізіліп жатқан бірнеше технологияны атап өттіңіз. Соның ішінде өзіміздің отандық технологиялар бар ма? Әлде барлығы шетелден әкелінген технология ма?, - деп сұрады.
Сауалға жауап берген Асхат Хасеновтің айтуынша, геологиялық барлауда көбіне шетелдік технологиялар қолданылады. Мәселен, шетелдік сымсыз қабылдағыштар, электр-магниттік импульстік көздер пайдаланылады. Ал отандық технологиялардан сейсмикалық бағытта Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірге карбамидті қаптауға арналған күкірт-полимерді шығару бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстар басталмақ. Күкірт-полимерді өндіру жұмыстары ауыл шаруашылығында карбамидті қолдану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
- Осы бағытта белсенді жұмыс жасау керек. Отандықтехнологияларға көбірек қаражат жұмсау қажет, - деді осы ретте Премьер-министр.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» қиын өндірілетін қорлардан мұнайды инновациялық технологиямен алып жатқанын жазған едік.