Бектенов: Қоғамдағы келісім мен тұрақтылық – басты қазына

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықттады.

Олжас Бектенов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірлік пен ынтымақ — ешқашан ескірмейтін құндылықтар және ол мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін әрдайым атап өтуде. Бұл күн — еліміздегі ұлт пен ұлыстар арасындағы татулық пен өзара сыйластықтың, сан алуан мәдениет пен дәстүр жарасым тапқан берекелі бірліктің айқын көрінісі, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр қоғамындағы келісім мен тұрақтылық — басты қазынаның бірі әрі орнықты дамудың берік негізі екенін айтты.

— Қазақстан қоғамындағы келісім мен тұрақтылық — біздің ең басты қазынамыздың бірі әрі орнықты дамудың берік негізі. Еліміз кез келген сын-қатерді бірлесіп еңсеріп, ортақ мақсаттарға ұмтылу арқылы дамудың жаңа кезеңіне сеніммен қадам басып келеді. 

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция — Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған тарихи таңдау. Дәл осы қағида Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуының кепілі болмақ. Айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін, — деді ол.

Айта кетелік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықттаған еді