Бектенов үш қаладағы жаңа ЖЭО туралы: Ресей жауабын созса, өзіміз саламыз
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында салынуға тиіс үш жылу-электр орталығының тағдыры не болатынын айтты.

- Үш ЖЭО бойынша бастапқыда ресейлік серіктестермен бірге іске асыру мүмкіндігі қарастырылды. Әзірге біз Ресей Федерациясынан кепілдендірілген, арзандатылған қаржыландыру ұсыныстары туралы нақты ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан біз Көкшетауды өз күшімізбен сала бастадық. «Самұрық-Энерго» да айналысып жатыр. Семей мен Өскеменді айтсақ, Ресей тарабынан жауап күтіп отырмыз. Егер жауап жақын арада болмаса, жобаны өз бетімізбен іске асырудың нұсқаларын да қарастырамыз. Біз күте алмаймыз, - деді Премьер-министр.
Журналист үш бірдей ірі жобаны Қазақстан бюджеті көтере ала ма деп нақтылады.
- Көтереміз. «Самұрық-Энергоның» нарық механизмдері бар. Жылу-электр орталығы да бизнес жоба. Пайдалануға берілгеннен кейін ақша тауып, салған инвестициясын қайтарады, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 18-25 маусымда өткен Петербор экономикалық форумында осы мәселе талқыланатынын айтқан болатын.