Бектенов заң жобасын енгізу мерзімінің кешіктірілуі жайында: Мұндайды доғару қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобалау жұмыстары жоспарының уақтылы іске асырылуын тікелей бақылауда ұстауға тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Биыл маңызды заңнамалық бастамалар қабылданды. Медициналық сақтандыру, құқық бұзушылық профилактикасы, баламалы энергетиканы дамыту, инвестициялық қорларды реттеу және басқа да маңызды бағыттар бойынша бірқатар заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізілді. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты қабылданған шаралар әр азамат үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасының ережелері капитал нарығын одан әрі тиімді дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар белгіленген мерзімдердің сақталуына қатысты мәселелер де бар. Мысалы, денсаулық сақтау туралы заң жобасын Үкіметке енгізу мерзімінен 30 күнге кешіктірілді. Мұндайды доғару қажет, - деді Үкімет басшысы.
Осы ретте ол мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобалау жұмыстары жоспарының уақтылы іске асырылуын тікелей бақылауда ұстауға тиістігін баса айтты.
- Сондай-ақ бірқатар жобаға Үкімет Аппараты мен Президент Әкімшілігінің ескертулерінен кейін көп өзгерістер енгізіліп, қайта пысықталады. Жалпы алғанда, осы жылға арналған заң жобалары Парламент қарауына енгізілді. Демек, жоспар орындалды деп санауға болады. Үкімет 2026 жылы заң шығару жұмысының экономика мен әлеуметтік саланың маңызды аспектілеріне қатысты негізгі бағыттарына баса мән беретін болады. Соның бірі – мемлекеттік мүлікті басқаруды одан әрі жетілдіру. Мемлекеттің экономикаға қатысу шегін нақты айқындап, басқару ісіне қатысты құқықтық талаптарды бекітіп алу қажет. Біз жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайту үшін нормативтік базаны жетілдіру бағытында белсенді жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың жүйелі әрі кешенді тәсілін қамтамасыз ететін заңнамалық бастамалар бар, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкіметтің биылғы заң жобалау жоспары орындалғанын жазған едік.