БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 889 үй салынды

ОРАЛ. KAZINFORM – Олжас Бектенов БҚО-ға жұмыс сапары аясында абаттандыру жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 889 үй салынды
Фото: Үкімет

Орал қаласында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру, сондай-ақ су тасқынының алдын алу шаралары жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Атап айтқанда, 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін салынған үйлерді және Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарының нәтижесін көрді.

Бектенов Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарымен танысты
Фото: Үкімет

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін барлығы 889 үй салынды, оның ішінде Орал қаласында — 451 тұрғын үй. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде толығымен аяқталып, отбасыларға берілді. Бүгінгі таңда барлық үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Бектенов Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарымен танысты
Фото: Үкімет

Сондай-ақ Премьер-министр Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту және реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Өзеннің жағалауы мен арнасын, тұрғын үйлерді тасқыннан қорғау үшін ұзындығы 383,6 метр бөгет салынды. Жалпы, елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін облыста 143 шақырым қорғаныс бөгеттері, 9 шақырым су бұру каналдары салынды, 74 шақырым магистральды каналдар тазартылды.

Бектенов Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарымен танысты
Фото: Үкімет

Жағалауды реконструкциялау осы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Жобаға сәйкес, су тасқынынан қорғау мақсатында өзен жағалауы бұрынғыдан да биіктетілді. Барлық аумақ толығымен абаттандырылып, қоршаулар орнатылды.

Бектенов Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстарымен танысты
Фото: Үкімет

8 мың шаршы метр алаңға тротуарлар төселді, 102 көше шамдары орнатылды, 16 мың шаршы метрден астам көгал мен 768 ағаш көшеттері отырғызылды. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы, воркаут-аймақ және тағы да басқа нысандар реконструкцияланды. 

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 889 үй салынды
Фото: Үкімет

 

Айта кетелік Олжас Бектенов БҚО-дағы мұнай-газ кен орындарын тексерген еді

Соңғы жаңалықтар