ЖІӨ-ні 450 млрд долларға жеткізу өршіл, бірақ мүмкін міндет — Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға жеткізу туралы Президент тапсырмасын орындау қаншалықты мүмкін екені туралы пікір білдірді.

— Біздің ойымызша, бұл - өршіл міндет. Бірақ қол жеткізуге болады. Былтыр жалпы ішкі өнімнің көлемі 286 млрд доллар болды. Биыл экономиканың өсу көрсеткіштерін ескерсек, 300 млрд долларға жеткізу туралы межеге үміт артып отырмыз. Экономиканы қарқынмен өсуін қамтамасыз ете алсақ, 450 млрд доллардың межесін бағындыруға толықтай болады, — деді ол журналист сұрағына берген жауабында.
Сондай-ақ Үкімет басшысы бұл үшін елдің өнеркәсіп әлеуетін арттыру, экономиканы әртараптандыру, жоғары бөліністегі өндірісті дамыту бағыттарында үлкен жұмыс жүріп жатқанын айтты.
— «Бәйтерек» холдингі арқылы қомақты қаражат қарастырылғанын талай рет айттық. Бұл биылдың өзінде экономикаға 8 трлн теңгеден астам қаражат бөлуге мүмкіндік береді, — деді Премьер-министр.
Айта кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында жылдың 6 айында ел экономикасы 6,2 пайыз өсім көрсеткенін мәлім еткен еді.