11:53, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Бельгияда Қазақстанның XIX-XX ғасырлардағы қолданбалы өнер көрмесі өтеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыздың 5-мен 31-і аралығында Бельгияның Льеж қаласында Қазақстанның XIX-XX ғасырлардағы қолданбалы өнер көрмесі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оған Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайындағы қолданбалы өнер туындылары қойылмақ. Бұл шараны өткізуге ұйытқы болған шет елдерде қазақ мәдениеті мен өнеріне қатысты түрлі конференциялар, көрмелер мен тағы басқа да түрлі шараларды ұйымдастырып жүрген «Горное бюро» ЖШС. «Бұл көрмені өткізу туралы идея да біздің тарапымыздан шықты. Ол Льеж қаласының әкімдігі тарапынан қолдау тауып отыр. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары толықтай аяқталды», - дейді «Горное бюро» ЖШС-ның қызметкері Бекзат Жетібаев. Оның айтуынша, қазақ мәдениетін насихаттауға қатысты мұндай шаралардың Қазақстан Республикасының шет елдердегі беделін көтеруге зор ықпалы бар.