Беларусь еліндегі халықаралық көрмеде Қазақстанның IT стартаптары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Минскідегі «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық көрмесінде Қазақстанның IT стартаптарын таныстырды.

Беларусь еліндегі халықаралық көрмеде Қазақстанның IT-стартаптары таныстырылды
Фото: NU

Оның ішінде NU студенттері мен резиденттері әзірлеген жобалар да бар. Соның бірі — Mirai Tech деп аталатын жасанды интеллект негізіндегі инновациялық жүйе спортшылардың жарақат алу қаупін анықтап, алдын алуға арналған. Бұл технология спорт жабдығына орнатылған арнайы сенсорлар арқылы қозғалыстың 20 мыңнан астам бірегей параметрін жинап, талдайды. Әрі қарай автоматты оқу алгоритмі арқылы алынған деректерді өңдеп, көзге көрінбейтін асимметрияларды анықтайды. Осындай терең талдау жарақат алу тәуекелін дәл болжап, спортшы мен бапкерге ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.

— Біздің жүйе жасанды интеллект көмегімен екі минут ішінде қалың деректі өңдеп, жасырын қауіптерді көрсетеді. Astana жастар футбол командасымен осы пилоттық жобаны сәтті іске асырдық. Бапкерлердің көңілі толды. Осы клубпен бір жылдық келісімшартқа отырдық, — деді «Mirai Tech» ЖШС операциялық директоры Азамат Есжанов.

Екінші стартап — Game of Drones. Бұл — интернет арқылы шынайы техникалар мен дрондарды қашықтан басқаруға арналған платформа. Оператор оның көмегімен техниканы мыңдаған шақырымнан тікелей бақылай алады. Технология комбайндар мен шахта техникасын қашықтан басқаруға да, дрон операторларын жаппай оқытуға да жарайды.

— Бұл — әлемде баламасы жоқ өнім. Жүйе бейнежазбаны жоғары жылдамдықпен жеткізіп, құрылғыны жоғары дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді. Технологияны ауыл шаруашылығында, геймингте, әскери қызметкерлерді дрон басқаруға үйрету кезінде қолдануға болады, — дейді компанияның негізін қалаушы Абылайхан Жақанов.

стартап
Фото: NU

Үшінші стартап — теміржол вагондарын басқару платформасы. Бұл шешім экономикалық тиімділікті едәуір арттырып, логистикадағы операциялық процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жүйе қазірдің өзінде Қазақстан мен Өзбекстанда, Әзербайжан мен Ресейде қолданылады. 100 мыңнан астам вагон осы платформа арқылы басқарылып отыр.

— Біз клиенттерімізге бос жүрісті 10%-ға дейін қысқартуға көмектестік. Біздің алгоритмдер AI арқылы жоспарлау арқасында әр вагоннан айына 20 доллар қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Жүйе түскен өтінімге қай вагонды беру керегін өзі шешеді, — дейді жобаның өкілі Әнуар Сәрсембинов.

Төртінші стартап — Artisan Education. NU базасында құрылған бұл жоба мектептерде, әсіресе ауылдарда, білікті кадрлар мен материалдық ресурстардың тапшылығын шешуге бағытталған. Мұғалім бұл жерде тәрбиешінің рөлін атқарып, әр балаға жеке көңіл бөле алады. Платформаға интерактивті курстар, егжей-тегжейлі нұсқаулықтар және оқушыларға кодтағы қателерді табуға, өткен материалды қайталауға көмектесетін жасанды интеллектіге негізделген ассистент орнатылған.

— Біз жобалық жұмысқа басымдық береміз. Бала тек теория мен тәжірибені меңгеріп қана қоймай, соңында өз өнімін, жобалық жұмысын жасап, оны қорғай алу маңызды. Қазірдің өзінде бізбен колледждер жұмыс істей бастады. Болашақта университеттер деңгейіне де шығуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, жас инженерлерді басынан бастап, өнеркәсіпте жұмысын бастағанға дейін толықтай қолдаймыз, — дейді жоба жетекшісі Абай Кәкімбек.

Металлургия мен энергетика саласында энергия үнемдеуге арналған қазақстандық стартап әлем бойынша үздік 6 «жасыл» жоба қатарына енді. Нақтырақ айтсақ, жаһандық экологиялық қордың шорт-тізіміне өтіп, 600 өтінімнің ішінен үздік алты жобаның бірі атанды. Қазақстан бұл бастамаға 5,8 млн еуро көлемінде грант тарта алады.

Бұл технология Сербия мен Қытай зауыттарына енгізілгеннен кейін балқыту уақыты екі есеге дейін қысқарып, электр энергиясы мен шығын материалдары үнемделді, ал өнімділік екі есе артқан.

— Біз металл балқыту уақыты мен электрод шығынын қысқартамыз. Ал энергетика саласында электр қуатын үнемдеуге көмектесеміз. Біздің реттегіштер шетелдік баламаларына қарағанда тиімдірек жұмыс істейді. Мәселен, Сербияда орнатқан кезде металл балқыту уақытын 45 минуттан 26 минутқа дейін қысқарттық. Қытайда 120 минуттан 65 минутқа дейін азайттық. Бұл әрі өнімділікті арттырады, әрі өзіндік құнды төмендетеді, — дейді жоба жетекшісі Жанат Жүсіпов.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда ЖИ саласы бойынша 150 стартап бар екенін айтқан болатын

Соңғы жаңалықтар