Беларусь Президенті ЖИ қандай салаларда қолданылатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Алгоритмдердің ауыл шаруашылығы, өндіріс, т.б. секторларға тигізер септігі орасан. Бұл жөнінде V Еуразия экономикалық форумында Беларусь Президенті Александр Лукашенко мәлімдеді.

Токаев призвал активнее внедрять ИИ в торговлю и логистику ЕАЭС
Видеодан алынған скрин

– Жасанды интеллект машина құрастыру, металл өңдеу тәрізді салаларда өндірістің бір бөлігіне айналып келеді. «Компьютерлік көз» өнімнен ақау шығу фактілерін айтарлықтай азайтады. Робототехникалық кешендердің сүт өндірісінде де тиімділігі зор. Себебі, бір кешен төрттен жиырмаға дейінгі жұмысшыны алмастыра алады, – деді ол.

Сонымен бірге, Беларусь Президенті ақылды жүйелер дайын өнімді жеткізу мерзімін 17%-ға қысқартатынын атап өтті. Бұл тауардың сапасын сақтауға әсер етеді.

Одан бөлек, Александр Лукашенко жаңа технологиялар Беларусьтегі Минск трактор зауыты, «Гомсельмаш», «БелАЗ» тәрізді кәсіпорындарға енгізілгенін мәлімдеді.

Ол жасанды интеллектінің басқа да секторларға пайдасына тоқталды.

– Кен орындарында мұндай жүйелер жұмысты 20%-ға өнімдірек қылады. Ал егін алқаптарындағы шығынды 25%-ға төмендетеді. Егін шаруашылығында жасанды интеллектіні Жер серігі түсірген суреттер мен алқаптардағы датчиктер көрсеткішін талдауға қолданып жатырмыз. Бұл тыңайтқыш себу, суару, тұқымды қорғау секілді жұмыстарды дәл әрі дұрыс атқаруға көмектеседі. Нәтижесінде, өнім көлемі көбейеді, – деді Беларусь Президенті.

Сонымен қатар, Беларусьте ЖИ медицина, фармацевтика, көлік, логистика, сауда, мемлекеттік басқару т.б. салаларда қолданылатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін аталған форумда Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызды міндеті тұрғаны жөнінде мәлімдеме жасаған еді.