Белгілі ақын-журналист Ж.Набиуллин «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды

ОРАЛ. 28 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесіне орай Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың өкімімен белгілі ақын, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісімен марапатталды.

Белгілі ақын-журналист Ж.Набиуллин «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды

27 маусым күні облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен мен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ибрагим Жүсіпқалиев ақынның шаңырағына арнайы келіп, құрметті төсбелгі мен куәлікті табыс етті. Облыстық «Орал өңірі» газетінде ұзақ жыл қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан ардагер өзіне көрсетілген құрметті ризашылықпен қабыл алды.

-Жанғали ағамызды осы мәртебелі атаққа ұсыну жөніндегі шешімді филиалдың ардагерлер алқасы бір ауыздан қолдаған болатын. Қазақстан бойынша осындай мәртебеге Ақ Жайық өңірі қаламгерлері арасынан Жанғали аға он бесінші болып ие болып отыр, - деді Ибрагим Жүсіпқалиев.