17:07, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Белгілі бапкерге құрмет көрсетілді
ОРАЛ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қаңтардың 9-ында облыс спортының дамуына үлкен үлес қосқан белгілі бапкер Бердіғали Төлегеновті қабылдап, «темір тұлпардың» кілтін табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты рәсім Б.Төлегеновтің зейнет демалысына шығуына орай өткізілді. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтын бітіргеннен кейін бапкерлікке ден қойған ол содан бері 13 КСРО спорт шеберін, 6 ҚР спорт шеберін дайындап шығарды. Олардың ішінде КСРО құрамасына қабылданып, одақ біріншілігін ұтқандар да бар. Қазақстан егемендік алғаннан кейін екі шәкірті олимпиадалық ойындарға қатысты. Б.Төлегенов - өңірде қыздар арасындағы дзюдо күресінің негізін салушы. 1990 жылдан бері Орал қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінінің директоры қызметін атқарған ол ? жоғары дәрежедегі ұлттық төреші, құрметті спорт қайраткері, сондай-ақ ардагерлер арасында самбо күресінен еліміздің үш дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің үш мәрте жүлдегері.