Белгілі бір себептермен бюджеттің орындалмауына жауаптылар жазаланды - Б.Жәмішев

АСТАНА.  22 маусым. ҚазАқпарат - Белгілі бір себептермен бюджеттің орындалмауына жауаптылар жазаланды.

Белгілі бір себептермен бюджеттің орындалмауына жауаптылар жазаланды - Б.Жәмішев

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап беру кезінде ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Атап айтқанда, бүгінгі отырыс барысында депутаттар бюджеттің орындалмауы не себепті болғанын және оған жауапты адамдар тиісті тәртіптік түрде жазаланды ма, деген сауалдар қойды.

Министр Б. Жәмішевтің сөзіне қарағанда, 2010 жылы бюджеттің орындалуы нәтижесі бойынша 138 әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 6 саяси қызметкер де бар. «Бұл мәселе Үкіметтің  назарынан тыс қалып отырған жоқ. Осыған байланысты әкімшілік тәртіпте жауапқа тарту бойынша тиісті шешімдер атқарылуда»,-деді министр.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, депутаттар тарапынан белгілі бір себептермен бюджет қаржысының игерілмеуіне қатысты ескертулердің орынды екендігіне тоқталды.

Премьер-Министрдің айтуынша, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қандайда бір инвестициялық жобалар бойынша бюджеттік ресурстардың орындалмауы - олар негізінен тендер үдерістері заңнамаға сәйкес өткізілмеуінен болып жататынын айтып өтті.

Бұл тұрғыдағы проблемалар бойынша тиісті шешімдер жасалуда. «Жалпы біз сіздердің ескертулеріңізді қабылдаймыз және бірлесе 2012 жылдың бюджетінің орындалуын, сондай-ақ 2013 жылғы бюджеттің жоспарлануын қарастырамыз», - деп түйіндеді К. Мәсімов.