Белгілі парламентшінің құрметіне шахматтан турнир өтеді
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ертең, желтоқсанның 10-ы күні Мәжіліс үйінде депутаттар мен Палата аппараты қызметкерлерінің қатысуымен жедел ойнау түрі бойынша шахматтан турнир өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәстүр бойынша әр партияға 7 минут уақыт белгіленген. Бұл турнир бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Василий Иванович Осиповтың туғанына 70 жыл толуына арналып отыр.
В.И.Осипов 1939 жылы желтоқсанның 12-сі күні бұрынғы Талдықорған облысының, Қапал ауданы, Арасан ауылында туған. Қазақстанның демократиялық қалыптасуы жолында белсенді қызмет атқарған.
Еліміздің тұрақты дамуына сіңірген қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Ол азаматтық тұлғасымен, өмірге деген ерекше құлшынысымен жасқа үлгі, тұстастарына сыйлы болып, әрдайым ел-жұрттың алдында абыройлы еңбек етті. Отанымыздың шынай патриоты болған адам. Мемлекеттік тілді өте жетік білетіндігімен үлгі болған азамат еді. Ол мемлекеттік қызметте 50 жылдан астам абыройлы қызмет атқарды. В.Осипов 2008 жылы өмірден озды.